МҰҒАЛІМДЕРГЕ АТТЕСТАТТАУ БОЙЫНША КЕҢЕС КӨРСЕТІЛЕДІ

МҰҒАЛІМДЕРГЕ АТТЕСТАТТАУ БОЙЫНША КЕҢЕС КӨРСЕТІЛЕДІ

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті еліміздің барлық өңірлерінде байланыс орталықтарын іске қосты.
3 сәуірде басталған мұғалімдердің білімін бағалау 22 сәуірде аяқталады. Осы орайда Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова Facebook-та мұғалімдерді аттестау ережелеріне енгізілген соңғы өзгерістерді түсіндірді.
Бірінші өзгеріс. "Пәндік білім" блогы бойынша тест тапсырмаларының саны 70-тен 30 тест тапсырмасына дейін, "Оқыту әдістемесі" блогы бойынша 30-дан 20 тест тапсырмасына дейін қысқартылды. Бірнеше дұрыс жауаптарды таңдайтын тест тапсырмалары алынып тасталды.
Екінші өзгеріс. Педагогтердің білімін бағалаудан өту үшін шекті балл төмендетілді:
- педагог-сарапшы үшін – 15-тен 12 балға дейін;
- педагог-зерттеуші үшін – 18-ден 16 балға дейін;
- педагог-шебер үшін 21-ден 18 балға дейін.
Үшінші өзгеріс. Отыз жылдан астам педагогикалық өтілі бар және жаңа аттестаттау жүйесі бойынша санаты бар педагогтер біліктілік санатын растаған жағдайда біліктілік тестілеуден босатылады. Олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте, егер олар өз біліктілік санатын жоғарлатқысы келсе, онда аттестаттауды жалпы негізде өтеді.
өртінші өзгеріс. 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары/бірінші санаты бар педагогтер, егер "педагог-модератор" санатына ауысса, біліктілік тестілеуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Егер олар жаңа аттестаттау жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестаттау жалпы негізде өтеді.
Бесінші өзгеріс. Зейнеткерлікке шығуына 4 жыл қалған педагогтер жаңа жүйе бойынша бар санатын растайтын болса, аттестаттаудан босатылады. Егер олар біліктілік санатын жоғарлатқысы келсе, онда аттестаттаудан жалпы негізде өтеді.
Алтыншы өзгеріс. Арнайы бағдарлама бойынша жұмысқа қабылданған және "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші" санаты бар педагогтерге аттестаттау рәсімінен өтпей-ақ бір саты жоғары санат тағайындалады. Арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін ЖОО түлектеріне "педагог-модератор" санаты бірден беріледі.
Аттестаттау бойынша сұрақтарыңызды көрсетілген нөмірге қоңырау шалып, жауапты маманға қоя аласыз.
Байланыс орталықтары дүйсенбі-жұма аралығында сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін жұмыс істейді.
Шымкент қаласы +7 701 131 4131.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ