Биылғы жылы Ш.Ділдәбеков ауылдық округі бойынша Күрішті елді мекенінен газ өткізгіш құрылысына жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 1,8 млн теңге, Қызылтаң елді мекеніндегі Балдаурен, Ырысты көшелеріне орта жөндеуді бастауға 5 млн теңге, Күрішті елді мекеніндегі көпірді жөндеу жұмыстарына 12,5 млн теңге бөлінсе, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сұлубұлақ елді мекеніндегі ұзындығы 4 шақырымды құрайтын 6 көшеге 99,6 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуінде осы және өзге де күрмеуі қиын мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
Аудан әкімінің бекітілген кестеге сәйкес І тоқсанда өткен кездесуінде Ш.Ділдәбеков ауылдық округі тұрғындары тарапынан Алпамыс, Бірлік елді мекендеріндегі тік дренаждарды іске қосу, А-15 автожолы бойындағы К-28 ағын су құбырын төмендету, Достық елді мекеніне кіреберістегі көпірді жаңартуды, Қызылтаң елді мекеніндегі Балдаурен көшесін күрделі жөндеуден өткізу, сонымен қатар, Қызылтаң, Достық елді мекендерінен 300 орындық мектеп салу, Достық елді мекеніндегі тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру, Алпамыс елді мекенінің Ақниет көшесін жарықтаныдыру және КТП орнату, Қ.Дәрімбаев атындағы жалпы орта мектебінің тұсына сергек камерасын қою секілді 10 мәселе көтерілген болатын.
Сондай-ақ, аудан басшысы аудан тұрғындары арасында жұмыссыздық деңгейін төмендете отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында кәсіпкерлердің жеке инвестициялық қаржылары есебінен Ж.Ералиев ауылдық округінен құны 300 млн теңгеге 10 мың тонналық «Мақта шикізатын өңдеу зауыты», Жаңа ауыл ауылдық округіндегі құны 350 млн теңге болатын «Тоқыма емес мата өндірісі», Мақталы ауылдық округінен құны 790 млн теңге болатын «Тұқымдық шит өндірісі зауыты», 100 млн теңгеге бақша өнімдерін қайта өңдеу цехының құрылыс монтаж жұмыстары басталғанын жеткізді.
Одан бөлек, Жетісай қаласынан құны 200 млн теңге болатын аяқ киім өндірісі жобасын жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда.
Жағымды жаңалықтарымен бөлісіп, көпшіліктің сұрақтарына жауап берген Серік Үсенұлы есептік кездесуден кейін тұрғындарға жеке қабылдау өткізді, деп хабарлайды Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.