Аудан әкімі Арман Сәбитов Құтарыс ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Ауылдық округі әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Ш.Халмурадов, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме-ұйым және дербес бөлім басшылары, ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен ауылдық округінің әкімі М.Керімбеков ағымдағы жылдың екінші тоқсанында өткен кездесуде көтерілген 7 мәселенің орындалу барысын таныстырды. Оның ішінде бүгінгі таңда 2 мәселе шешімін тапқан. Қалған мәселелер тұрақты бақылауда.
Атап айтқанда, Құтарыс ауылындағы ауыз су мұнарасының жарамсыз болған жері “Сайрам тазалық” ЖШС-і тарапынан ағымдағы жөндеуден өтті. Қазіргі таңда 539 тұрғын үй мен 8 мекемеге ауыз су үзіліссіз берілуде.
Ағын су мәселесі бойынша аудандық «Ақсу» МКК-нің арнайы техникасымен және ауыл тұрғындарының жанар-жағармаймен қамтамасыз ету көмегімен «Қызылсай», «Қызылжар», «Мұсабек», «Қызыларық» каналдары тазаланып, бас жағына тоған құрылды. Нәтижесінде, ағын су тұрақты жеткізіліп, суармалы жерлерде бір жерден екі рет өнім алуға септігін тигізуде.
Оймауыт елді мекенімен «Оймауыт-КХ-37» автомобиль жолын жалғайтын 5 шақырымды құрайтын тас жолын жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жолданылды. Сараптама қорытындысы шілде айының соңына күтілуде. Жөндеу жұмыстары 2024 жылға жоспарланып отыр.
Құтарыс ауылындағы С.Сейфуллин көшесі бойындағы тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру мәселесі назарға алынып, “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС-і Сайрам аудандық электр жүйелерін тарату мекемесінің теңгерімінде болуына байланысты, аталған мекеменің инвест жоспарына сәйкес, 78 дана ағаш электр бағанасы 2023 жылдың шілде-тамыз айында темір-бетон бағаналарына ауыстыру жоспарланған.
Тапсырысшы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан дайындалған жалпы жобаға сәйкес, Құтарыс және Қызылжар ауылдарын газбен қамтамасыз ету бойынша құбырларды тарту жұмыстары өткен жылдың наурыз айында басталған. Жобаның жалпы құны 1089,0 млн. теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың шілде айында Құтарыс ауылындағы газ жүйесінің құрылысын жалғастыруға 217 888,0 мың теңге қаражат республикалық бюджеттен бөлінді. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айының аяғында аяқталады.
Ауылдық округінде жайылымдық жерлерді қайтаруда бірқатар жұмыстар атқарылды. Жайылымдық жер көлемі 461 га болса, оның 142,77 га жері жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі мақсатына сай пайдаланбауына байланысты сот тәртібімен және аудан әкімдігінің қаулылары негізінде қайтарылды. Ағымдағы сәуір айынан бастап, 484,95 га жайылымдық жер халықтың ортақ пайдаланысына заңдастырылды. Осыған орай, жайылымдық жер көлемі 945,95 гектарға ұлғайған. Мұнан бөлек, қосымша 254,0 га жер теліміне мемлекеттік актісін ресімдеу үшін жерге орналастыру жобасы әзірленуде. Жалпы округ бойынша жайылымдық жер көлемі 1200 гектарды құрайтын болады.
Мұнан кейін құтарыстықтар жылу маусымына дайындық жасау үшін жанар-жағармай бекеттеріне сұйық газдың жеткізілуі, "Қызылсай" каналының қажетті бөлігін бетондау, Арыс өзенінің су арнасынан елді мекенге қарай су тасу қаупін алдын-алу, электр жарығы мен ағын сумен тұрақты қамту, дәрігерлік амбулатория салу, егін шаруашылығына қолдау көрсету, учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмыстарын қадағалауға алу секілді талап-өтініштерді көтерді.
Жеке кәсіпкер Р.Ниязалиев «Өзен» қоры тарапынан ауылдық округінде қолға алынып отырған бірқатар тиімді жобаларымен бөлісті. Олар интернетке қолжетімділікті арттыру, сонымен қатар жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2 «сергек» камера және 50-ге жуық бейнебақылаукамераны орнату.
Барлық сұрақтар бақылауға алынып, шешу жолдары заң аясында түсіндірілді. Осы ретте, аудан әкімі Арман Сәбитұлы бірінші кезекте шешімін қажет ететін мәселелерге баса назар аударылатынын көпшілікке жеткізіп, ең бастысы халықты сапалы инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтамасыз ету үшін бес жылға арналған жоспар жасалып, бюджеттерден қаржы көзін қарастыру бағытында жұмыстар атқарылатынын айтты.
Кездесу соңында ауыл ақсақалдары алғыстарын жеткізіп, баталарын берді, деп хабарлайды Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.