Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл сайын елімізде «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жобасы жүзеге асып келеді. Жас жеткіншектерді қолдауға арналған жобаға – ғылым, медиа, бизнес, мәдениет және IT саласындағы 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар өтінім бере алады. 2022 жылы аталмыш грантқа Шымкенттен 14 жоба ұсынылған. Жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыруға ұмтылған жандардың бірі – Дияра Жолдасбай. Ол грант иегері атанып, бүгін өз жобасын іске асырды.
№23 мектептің 10 сынып оқушысы Дияраның жобасы ерекше. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолайлы спорттық алаңша ашты. Жас өнертапқыш әткеншек пен қоссырықтың құрылу механизмін жасап шығып, оны Шымкенттегі «Рахмет, саған анашым!» атты мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамдық бірлестігінің алаңшасына орнатып берді.
–Мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы спорттық алаңша жасау 2019 жылы еріктілер қатарында жүргенімде туындады. Содан бастап іздене бастадым. Мені ылғи да арбада отырған жандар әткеншекке мініп көрсе, спортпен айналыса алатын мүмкіндігі болса екен деген ой мазалайтын. Іздене келе Қазақстанда мұндай жоба жоқ екенін білдім. Шетелдік жобаларды қарай келе өз нұсқамды жасап шығардым. Грант иегері атанғаннан кейін қала әкімдігінің қолдауымен және жетпеген қаражатты өз отбасым қосып, осы мекеменің алдынан алаңшаны орнаттық,– дейді Дияра Жолдасбай.
«Рахмет, саған анашым!» қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі ата-аналардың ұйымдасуымен құрылған. Мұнда 14 пен 35 жас аралығындағы 20 бала күндізгі уақытта қатынайды. Мекеме басшылығы алаңша үшін ризашылығын білдірді. Мереке аясында ерекше жасөспірімдер концерттік бағдарламада өз өнерлерін көрсетіп, қуаныштарымен бөлісті.