Еңбекші ауданы жастар орталығының ұйымдастыруымен “Жас кәсіпкермен сұхбат” айдары өтті.
Мақсаты - қаламыздағы жас кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыз жастардың санын азайтып, өз кәсібін ашуға баулу. Сонымен қатар мемлекеттің қолдауымен кәсіп бастауға болатындығын насихаттау.
Кезекті кейіпкеріміз “Assyl Ornek” тігінханасының иегері, жас кәсіпкер Асылзат Ұланқызы.
Асылзат - мемлекет қолдауы негізінде кәсіп ашып, бүгінде жеке бренд қалыптастырып үлгерген. Оның тігінханасын ашқанына 6 айдан астам болған.
- Егерде мен секілді жеке кәсіп иегері атанғыларыңыз келсе, ешнарседен қорықпай, тәуекел жасай біліңіздер. Сонда ғана жұмыстарыңыз өнімді болмақ, - деді жас кәсіпкер.
Шымкентте жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34 пайызды құрайды. 69 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінде 163 мыңнан аса адам жұмыс істейді.
2025 жылға дейін шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 100 мың бірлікке дейін, шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар санын 190 мың адамға дейін, өңірлік өнімдегі үлесін 40 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ол үшін осы жылы «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында бөлінетін қаржыны 2 есеге ұлғайтып, 6,9 млрд.теңге бағытталды. 2025 жылға қарай бағдарлама шеңберінде бөлінетін қаражат көлемін 25 млрд. теңгеге дейін ұлғайту мақсат етілген.
Ал, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 55 жобаға 816,1 млн. теңге бөлінді. Шағын және орта бизнеске екінші деңгейлі банкттер тарапынан 17,8 млрд.теңге несие берілді.
Шағын несие беру туралы шешімді комиссия қабылдайды. Комиссия мүшелігіне мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының және БАҚ өкілдері кіреді. Үміткерлер бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады. Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық тұрғыдан негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең болуы шарт. Айта кетейік, өтінім беруге құжаттар Әл-Фараби ауданы, Қонаев даңғылы, 3/3, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ филиалында қабылдануда.