Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың төрағалығымен аудан көлемінде интернет байланысының сапасын арттыру бағытында жиналыс болып өтті.
Жиынға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркісібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы РММ басшысы Ержан Тоқтағулов, Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев, АҚ «Транстелеком» басшысы Болат Наталиев, АҚ «Қазақтелеком» ЦТОМС – 2 басшысының міндетін атқарушы Әли Аманәлі, Сату орталығының директорының орынбасары Ербол Досымбек, «Кселл» АҚ өкілі Айдос Жабеков, «Кар-Тел» ЖШС Нұржан Аблязимов, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-тің өкілі Шараф Курбантаев, аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев аудан көлемінде ауыл тұрғындары тарапынан интернет байланысының нашарлығы туралы арыз-шағымдардың көптеп түсіп жатқанын айтып, жиынға қатысқан мамандарға аталған мәселені алға тартты.
Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров баяндап өтті. Онда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округте оның ішінде 36 ауылдық елді мекен бар. Оның 11 АЕМ (30,5%) 3G және 4G мобильді желісімен (Шорнақ, Ынталы, Қарашық, Бабайқорған, Оранғай, Бостандық, Жүйнек, Шыпан, Ибата, Ескі Иқан, 30-жылдық Казахстан), 21 АЕМ-де (58,3%) 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген (Аша, Қосмезгіл, Қаражон, Құмтүйін, Сауран, Ескі Сауран, Абай, Құмайлықас, Үлгілі, Қосқорған, Шекербұлақ, Еңбекші Дихан, Шойтөбе е/м, Мәшһүр Жүсіп, Теке, Нұртас, Қожанов, Жалаңтөс, Бершінтөбе, Шоқтас, Шаға) елді мекендері. Ал, 4 АЕМ (11,1%) интернет желісі мүлде жоқ (32-разъезд, Егізқара, Қаратөбе, Ойық).
Бұдан бөлек, интернет желісі бойынша түйіткілді мәселелерді айта келе, бірнеше ұсыныстарын жеткізді. Атап өтетін болсақ, жоғарыда аталған ұялы байланыс мүлдем жоқ даму әлеуеті бар 4 АЕМ (32-разъезд, Егізқара, Қаратөбе, Ойық) - интернетпен қамту, 2G мобильді желісімен қамтылған 21 АЕМ-ге базалық станцияларын жаңарту жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Бұдан бөлек, Сауран ауданы бойынша елді мекендерде халық саны 4000-нан аса адамды құрауына байланысты ұялы байланыс операторларының (Ксеел, Билайн, Теле 2 және тағы басқа) базалық станцияларының сиымдылығы жетпейтінін, осыған орай қалыптасқан жағдайды оңалту мақсатында елді мекендердегі ұялы байланыстың қамту аймақтарын кеңейтуге және базалық станция орнатып, кеңжолақты сапалы интернетпен қамтамасыз ету керектігін жеткізді.
Жиын барысында күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша өңірлік байланыс инспекция басшысы Ержан Тоқтағулов тиісті сала басшыларына нақты тапсырма беріп, мәселе бақылауда болатынын айтты. Жиналыста көптеген ұсыныс пікірлер ортаға салынып, бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болып шешілді.