Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне Ресей халықтар достығы университетінің Стратегиялық және болжамдар институтынан арнайы делегациясы келді, деп хабарлайды no-comment.kz ақпарат агенттігі. Делегация құрамында РХДУ Стратегиялық және болжамдар институтының директоры Дмитрий Александрович Егорченков, Ресей ғылым академиясының әлеуметтік ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпарат институты таяу және посткеңестік Шығыс бөлімінің меңгерушісі – Владимир Алексеевич Аватков, ғылыми қызметкері Сбитнева Алина Игоревна бар.
Ресейлік делегация құрамы алдымен Әуезов университетінің басшылық құрамы және ғалымдармен ынтымақтастық тақырыбында дөңгелек үстел басында бас қосты. Жиында университеттің Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Турымшаева Арида Турганбековна, Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Джунусбекова Салтанат Шабданбековна оқу ордасының мүмкіндіктерімен таныстырып, оқу ордалары арасындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, білім беру бағдарламалары, тағылымдамалар, қос диплом, бірлескен жобалар мен ғылыми жарияланымдар, ғылыми әріптестік жөнінде әңгіме өрбіді.
Атап өтейік, Ресей халықтар достығы университетінің әлемдік деңгейдегі оқу ордаларының қатарында.
Бұл сапар университеттер арасындағы ұзақ мерзімді байланыстарды нығайтып, академиялық алмасу мен ынтымақтастық дәстүрін жалғастырды. Ресей университетінің ғалымдары өткізген дәрістер студенттер мен оқытушылардың халықаралық қатынастар мен мәдени әртүрліліктің маңызды аспектілері туралы білімдерін байытты. Бұл оқу орындары арасындағы серіктестік аймақтағы білім мен ғылымды дамытуда шешуші рөл атқарады, студенттер мен оқытушылар үшін тәжірибе алмасуға және академиялық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді.