9-мамыр Жеңіс күніне арналып ата-бабаларымыздың ерен ерліктерін мәңгі есте сақтап, рухани тағзым ету мақсатында 2024 жылдың 4 мамыр күні Шымкент қаласының М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледж кітапханасының оқу залында «Адамдық борыш, ар үшін» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды no-comment.kz ақпарат агенттігі. Іс-шараның мақсаты: Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есімдерін ұлықтау және өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, Отанға деген мақтаныш сезімін ояту, Қазақстанның қаһармандық ерліктерге толы тарихына құрметпен қарауға үйрету болды.
Кітап көрмесіне сұрапыл соғыстан елімізді аман сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдырған қазақ батырларының ерліктерінен сыр шертетін кітапхана қорындағы тарихи, көркем әдебиеттерге Қ.Қайсеновтың «Жау тылындағы бала», Т.Бегильдинов «Аспандағы айқастар», Т.Ахтанов «Қаһарлы күндер», Ш.Мұртаза «Соғыстың соңғы жесірі», А.Бек «Волоколамск тас жолы», Ахметбеков «Солдат победы», т.б. кітаптарға кең көлемді шолу жасалды. Сонымен қатар, қатысушыларға қоғамдық пәндер кафедрасының оқытушысы Қошаманова Ғ. Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы, Батыр атағын екі рет алған ұшқыш жауынгер Талғат Бигелдиновтың соғыс жылдарындағы ерлік істері туралы әңгімелей отырып, соғыстан кейінгі жылдардағы қоғамдық қызметі жайында және Қазақтың қос батыр қыздары Алия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың Отан қорғаудағы ерліктері жайында айтып берді.
Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшіліктің және қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын дәлелдейтін, Отанын қорғаған жауынгерлер мен офицерлердің айбынын, Жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ.
Біздің азаматтық парызымыз – бұл күнді мәңгілік есте сақтау, отанды сүю, елдің, жердің адал перзенті болу.