ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың Республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ» конкурсының 2012-2023 жылдары аралығында жеңімпазы болып танылған педагогтармен 2024 жылдың 4 мамыр күні сағат 14.00-де ZOOM платформасы арқылы кездесті, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Шымкент қаласының Білім басқармасына сілтеме жасап.
Кездесуге 2012-2023 жылдары аралығында республикалық «Үздік педагог» атағын иеленген педагогтар, қалалық білім басқармаларының басшылары, қалалық әдістемелік кабинеттің басшылары, «Өрлеу» БАҰО, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының басшылары қатысты.
Шымкент қаласы білім басқармасының Әдістемелік орталығы 2012-2023 жылдары аралығында республикалық «Үздік педагог» атағын иеленген Шымкент қаласының педагогтары да бір нүктеден байланыс жасады.
Қазақстанда 12 жыл бойы дәстүрлі түрде «Үздік педагог» республикалық конкурсы ұйымдастырылып келеді. Бүгінге дейін жалпы саны 624 мұғалім өз мамандығының үздігі болып танылғанын айтты.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз сөзінде:
«Ұстаз болу - бұл ең алдымен өз мамандығыңды шексіз сүю. Оның ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі еңбегі шексіз. Ұстаздың міндеті мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған әрбір баланы адал адам, тұлға ретінде қалыптастыруға күш салу. Өскелең ұрпақтың тағдыры мұғалімнің қолында, сондықтан педагогтар өзінің үлгілі ісі арқылы терең білім мен жоғары мәдени құндылықтарға жол көрсететін тұлға болуы тиіс»,- деді.
Еліміздің үздік ұстаздары өз іс-тәжірибелерімен, идеяларымен бөлісті. Сондай-ақ мемлекетке өздеріне сенім артып, педагогикалық қауымға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
"Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді" деген болатын. Шебер ұстаз үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін-өзі дамытып, жетілдіре алатын, кәсіби деңгейі жоғары болуы қажет. Сонда ғана оқыту мен тәрбиелеу қадамы қарқынды дамиды. Ел тұтқасын ұстайтын еңселі азаматтарды даярлау -біздің басты борышымыз.