2002 жылы Түркістан қаласында жүргізілген құрылыс жұмыстарында жер қазу кезінде Түркістан қаласының XIV-XIX ғасырлардағы сауда-саттық, экономикалық, әлеуметтік өмірі жайлы мәлімет беруге қауқарлы нумизматикалық материалдар табылған болатын. Кездейсоқ табылған бұл тиындар XIV-XIX ғғ. аралығында Орта Азияның ақша сарайларында соғылған мыс ақшаларынан тұратын топтама еді. Жинақ құрамындағы ақшалар әртекті. Ақшалар қатарында XIV, XVI, XVII және ХІХ ғасырдарда соғылған ақша түрлері бар. Ұзақ уақыт топырақтың құрамындағы тиын металына зиянды қосындылармен байланысуы салдарынан жәдігерлер беттеріндегі бедер іздерінің көп бөлігі жойылып кетсе де, жіті зерделеу жұмыстары олардың жасырған сырларын ашуға мүмкіндік берді.
Топтама құрамындағы ең көне тиын XIV ғасырда Шағатай мемлекетінде соғылған мыс ақша екендігі анықталды. Беттеріндегі бедер іздерінің көп бөлігі жойылып кеткен. Алайда, тиын беттерінде сақталып қалған жиектеме, картуш және жазбалардың аз ғана бедер қалдықтары бұл ақшаның XIV ғ. орта тұсында Шағатай мемлекетінде соғылған фельс екендігін анықтауға мүмкіндік береді.
Топтама құрамында 1 дана Ясы және 1 дана Сайрам ақша сарайларында соғылған XVI ғ. алғашқы жартысына тән мыс динарлар да бар. Бұл ақшалардың да сақталу жағдайлары нашар, дегенмен, ақша сарайларының атаулары мен кейбір атрибутивтік ерекшеліктерінің бөліктері сақталған.
2 дана тиын бетінде «Адиль хан» эпитетінің жазба бедерлері сақталған. Бұл жазбаның дәл осы үлгісі XVI ғасырдың алғашқы жартысында Ясы ақша сарайында соғылған мыс ақшалар беттерінде кездеседі.
1 дана тиын бетінде Ясы ақша сарайының атауы жазбасына ұқсас бедер іздері сақталған. 1 дана тиын төртбұрыш пішінді, көлемі кіші, салмақ көрсеткіштері аз. Бұл ақша XVII ғ. Сырдарияның орта және төменгі ағыстарындағы жерлерде орын тепкен қалалардың ұсақ сауда айналымын қамтамасыз еткен ақша түрлері - пұлдар қатарынан.
1 дана мыс ақша Қоқан хандығының ХІХ ғасырдың орта тұсында соғылған фулусі. Ақша беттерінде шеңберлене орналастырылған нүктелер мен шеңбер сызықтардан тұратын жиектемелер ішінде; аверс-Зарб Хуқанд Латиф (Керемет Қоқан шекімесі), келесі бетінде – аверсіндегідей жиектемемен қоршалған тиын алаңында «Фулус» - (мыс ақша-номинал) жазбалары түсірілген.
Бұл мыс ақшалар топтамасын Түркістан қаласының ақша айналымының тарихтың түрлі кезеңдеріндегі ахуалынан хабар бере алатын жинақ ретінде қарастыруға болатын тарихи материал.
Толқын Жолдасов - "Әзірет сұлтан" музей-қорығының қор сақтаушысы, нумизмат.