Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы – есімі мен ерен ерлігі ел жадында сақталған тарихи тұлғалардың бірі болып табылады. Ол қазақ-жоңғар соғысында батырлығымен танылған көрнекті қолбасшы, сөз бастаған шешен, ел мен елді бітістірген мәмілегер ретінде Қазақстан тарихында өзіндік із қалдырды.
Жәнібекке батырлық бабасынан дарыған екен. Атасы Шақшақ ерте жасынан садақ тартып, найза ұстап елін жаудан қорғанан батыр, халық арасында шешендігімен де танылған. Аңыз бойынша Шақшақ Есім ханның қолбасшыларының бірі болған.
Шежіре бойынша Арғын бабадан (тоқалынан) тарайтын Аманжолдан Әйдерке мен Шақшақ туады. Шақшақтан: Бақай, Көшей, Дүзей, Ақназар, Есназар, Томай таралады. Ал Көшейден: Үмбетай, Аю, Қожамбет, Қошқар, Қарабас, Тіней. Қошқардан: Тінібек, Тұрлыұғл және Жәнібек туады.
Зерттеушілердің пайымдауынша, отанын қорғауды өзінің өмірлік жолы ретінде таңдаған Жәнібек, он бес жасында Тәуке ханның бастамасымен Қарақұмда өткен құрылтайға қатысқан. Бұл құрылтайдың басты мақсаты – жоңғар басқыншыларына қарсылық көрсету үшін үш жүздің басын бір тудың астына жинау болды. Осы алқалы жиынға қатысқандардың арасынан Жәнібек қазақтың Бөгенбай, Қабанбай сынды даңқты батырларын алғаш рет көрді. Жалпы құрылтай өзінің тарихи миссиясын орындады. Ол халықтың қуаты – бірлікте екенін ұғындырып, елді жоңғар басқыншыларына қарсы күреске жұмылдырды.
Туған жерін жаудан қорғау үшін Жәнібек әскер қатарына қосылады. Ел арасында сақталған аңыздар бойынша, Жәнібектің әскери қызметі 17 жасында жоңғар жауынгерін жеңіп, оның сауыты мен дулығасын алудан басталады. Батылдығымен жауынгерліктің алғашқы сынынан өткен Жәнібек талай шайқастарда шыңдалып, жетіліп, батырға айналды.
Жәнібек батырдың жасағы Бұланты шайқасында біріккен қазақ қолдарына бас қолбасшылық еткен Әбілхайыр ханның, Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың жоғары бағасын алды. Қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға негіз болған – Аңырақай шайқасында Жәнібек батырдың жауынгерлік қабілеті жан-жақты дами түсті. Оның құрған арнайы барлау жасақтарының қажетті ақпаратты дәл жеткізуі, аймақтың ерекшеліктерін жан-жақты білуі Жәнібекке біріккен қазақ әскерлеріне қолбасшы болып сайланған Әбілқайыр ханның жанындағы әскери кеңеске қатысуға мүмкіндік берді. Осы шайқаста қазақ әскерлерінің сол қанатын басқару Жәнібек батырға тапсырылды. Барлық жүктелген міндеттер орындалып, жау жеңіліске ұшырады. Батырдың ерлігін ақындар мен жыраулар жырлады. Осы негізде Бұқар жыраудың «Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, ормандай көп Орта жүз, содан шыққан төрт тірек»,-деген сөзі батырдың өз заманының ірі тұлғасы болғандығын көрсетеді.
Жәнібек батыр өз заманында батырлығымен қатар мемлекеттік қызметтегі қайраткерлігімен танылды. XVIII ғасырдың 20-30-шы жылдары қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болып табылады. Осыған байланысты Әбілқайыр хан мен оның жақтастары Кіші жүз қазақтарын Ресей империясының қол астына өткізу бойынша келіссөздер жүргізді. Жәнібек батыр Әбілқайыр ханның бұл ойына қолдау білдірді. 1739 жылдың 22 қыркүйегінде Жәнібек батыр Ресей империясының сыртқы істер басқармасына хат жолдаған. Ол хатта Жайық жағасына қазақтарды қоныстандыруға, жақын орналасқан Ресей қалаларының тұрғындарымен еркін сауда қатынасын орнатуға рұқсат беруді сұраған. 1740 жылдың 7 тамызында Жәнібек батыр бастаған бір топ қазақ билері Орынбор комиссиясының бастығы, генерал-лейтенант, князь В.Урусовпен кездескен. Кездесу барысында екі тарап қазақ даласында сауда қатынасын орнату, керуен жолдарының қауіпсіздігі мен Ресей империясының қолдау көрсету мәселелерін талқылаған. 1742 жылы 20 тамыз – 7 қыркүйек аралығында Орск маңындағы Тасөткел деген жерде қазақ, жоңғар және қарақалпақ елшілерінің қатысуымен Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевпен кездесу өткен. Кездесу барысында қазақтар мен жоңғарлардың қарым-қатынасына тоқтала кетіп, жоңғарлардың қазақ жеріндегі басқыншылығы, аманат талап етуі, салық жинауы заңдылыққа сәйкес келмейтінін айтады. Ол жоңғарлар мен қазақтарға қатысты мәселені Ресей үкіметі арқылы шешетінін мәлімдейді. Кездесу барысында И.Неплюев Жәнібек батырдың «тархан» деген атақпен марапатталғанын жариялайды. Бұл атақ Жәнібек батырға мемлекет қайраткері құқында халқының атынан қимыл жасап, Ресей мемлекетімен арадағы мәселелерді шешуге белсене араласуына мүмкінік берді.
Осы жылы Жоңғар хандығына майор К.Миллер бастаған арнайы елшілік жіберілді. Елшілер құрамына Жәнібек батыр енді. Қазақ елшілері қапыда жау қолына түскен Абылай сұлтанды азат етуге бар күшін салған.
Жәнібек батыр өмірінің соңғы жылдарын қазіргі Қостанай облысы алып жатқан аймақты игеруге арнаған. Бұл істе табыстарға жетіп, осы аймақты мекендеген рулардың ризашылығын алған.
Өз халқының бар жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, жауға қаруын сермеп, ерлікке толы ғұмыр кешкен Шақшақұлы Жәнібек батыр 1752 жылдың көктемінде Торғайда дүниеден өтті. Баласы Ақпамбет батырдың денесін қасиетті Түркістанға әкеліп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеген.
Г.Атабаева, - "Әзірет сұлтан" музей-қорығының қызметкері.