Қазақтың ғасырлар бойы қолданған ұлттық бұйымдарының бірі, ер-тұрман жабдықтарының ішіндегі ажырамас бір бөлігі - қамшы. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорында қамшының бірнеше түрлері сақталған. Солардың ішіндегі ерекше үлгісі - КК №79 номерімен тіркелген қамшы. Бұл қамшының сабы бұғы бұзауының сирағының төменгі бөлігінен дайындалған. Жоғарғы жағы терімен қапталып, ақ металл мен бағдар қондырылған. Қамшының басы он таспа етіп қайыстан өрілген. Жалпы, қамшылар үш-төрт таспадан басталып, 48 таспаға дейін өріледі. Сөзге тиек болып отырған бұл қамшыны қазақтың ұлттық зергерлік өнерінің шебері Ғ.Жалмұқанов 1978 жылы Алматы Қазмузей реставрация шеберханасында жасап, сол жылы музей қорына тарту еткен. Мұндай сабы сирақтан жасалған қамшылар 50 ден асқан адамдарға сыйға берілетін болған.
Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрінде қамшының атқаратын бірнеше функциясы бар. Қамшы қарапайым халықтың күнделікті өмірінде атқа мінгенде, мал айдағанда қолданатын құралы болса, ел билігін қолға алған тұлғалар үшін ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейін биліктің символы қызметін атқарған.
Қамшының сабы тобылғыдан, мүйізден, сүйектен, сирақтан жасалған түрлері белгілі. Қамшының сыртқы көрінісіне, жасалған материалдарына қарай бөлінетін жүзден аса түрі бар. Қамшы сөзінің шығу тегі туралы бірнеше нұсқалар айтылады. «Қамшы» сөзіндегі «қам» түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам сөзі – шикі, шылғи, шала мағыналарын беруімен қатар, қам-түбір сөзі қам-қарекет, қам-уайым, қамығу, қамдану сынды өзге мәнге ие мағына да береді.
Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде «қамшы» сөзі қалыптасты деген тұжырымды ұстанатындар бар.
Қамшының шығу тарихы сонау 2300-2500 жыл бұрынғы дәуірді қамтиды. Қазақтың өмір сүру салты малмен байланысты болғандықтан, атқа мініп, көкпар тартқанда ата-бабамыз қамшыны серік еткен. Қамшы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінде үлкен орын алады.
Д.Адиев - "Әзірет сұлтан" музей-қорығының қор сақтаушысы.