Қазіргі Түркістан қаласы ежелде Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе деген атауларға ие болған. Зерттеушілер Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевич XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап ғана Ясының орнын Түркістан деген атау қолданғанын айтады.
Бүгінгі жазба қаланың Ясы-Күлтөбе атанған тарихи кезеңі туралы болмақ. Біздің дәуіріміздің I–V ғасырларына жататын бұл кезең қалажұртта қорғаныс, тұрғын және діни ғимараттардың күрделі кешені болуымен маңызды. Осы кезеңде кешеннің жеке үй-жайлары бірнеше мәрте салынып, қайта құрылды. Рабат пахса және шикі кірпіштен салынған. Сәулет стилистикасына сәйкес, Күлтөбе-Ясы рабатының Қазақстанның оңтүстігінде және ішінара Орта Азияда бірнеше аналогтары бар, бірақ қазіргі уақытта жалғыз тұтастай сақталған кешен.
Бұл кезеңде ежелгі Күлтөбе қалажұрты тығыз қоныстанған шахристан және рабадымен үлкен қалаға айналды. Күлтөбе қалажұрты қаңлы (кангюй) дәуірінің ежелгі қонысынан Ясы қаласына айналып, XVI ғ. саяси, экономикалық және мәдени орталыққа – Қазақ хандығының астанасы болды. Осы кезеңде қалалық инфрақұрылымның дамуы әрі қарай жалғасты.
XII ғасырда Ясы-Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауидің діни насихат өткізетін жері ретінде ерекше атаққа ие болды. XIV ғ. ежелгі түркі ұстазы, әулиелер сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи жерленген жерге жақын, Күлтөбе қалажұртынан 300 метр қашықтықта – Орталық Азиялық мұсылмандардың қазіргі таңда дейін ғибадат қылу орны сәулетті Ахмет Ясауи кесенесі салынды.
Бүкіл түркі әлемінің рухани астанасы, ежелгі Түркістан мәдениеті тарихындағы ең көне және ең алғашқы кезеңі – Күлтөбе көне қалажұрты болды.
Ералиева.С - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсовод.