Үкімет инвестициялық ахуалды жақсартып, бизнесті қолдау шараларын қарастырды – Нұрлан Байбазаров

Үкімет инвестициялық ахуалды жақсартып, бизнесті қолдау шараларын қарастырды – Нұрлан Байбазаров

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. Баяндаманы Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ұсынды, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, құжат экономиканың орнықты өсімін арттыруға және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған 76 іс-шарадан тұрады.

«Ақша-несие саясаты желісі бойынша банктер мен кредиттік ұйымдардың қызметін реттейтін жаңа Заң жобасы әзірленетін болады. Заң жобасының негізгі міндеттері – экономикалық белсенділікті ынталандыру, цифрлық активтерді және қаржылық технологияларды реттеу. Қабылдау мерзімі 2025 жылдың маусым айы деп жоспарлап отырмыз», — деді ол. 

Аталған бағыт бойынша теңгерімсіздікті жою мақсатында төленетін дивидендтерді ескере отырып, банк секторына теңгерімді салық салуды енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Салық және бюджет саясатын жетілдіру желісі бойынша

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі мәлімдегендей жыл соңына дейін кірістер мен шығыстарды жоспарлау сапасын арттыру, бюджет тапшылығының орнын толтырудың өтемақылық тетіктерін енгізу, Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігін арттыру мәселелерін қамтитын бюджет заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

2026 жылдың басынан жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Оның негізгі міндеттері:

- кәсіпкерлер үшін тиімді жағдайларды нашарлатпай салық режимдерін оңтайландыру;

- жеке табыс салығы сараланған мөлшерлемесін белгілеу;

- мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбай салық берешегінің шегін ұлғайту;

- салық берешегі шегінде ғана шектеулер қою;

- кепілмен қамтамасыз етілмейтін салықтар бойынша берешекті бөліп төлеуді және басқа да пәрменді шараларды ұсыну. 

«Жаңа салық заңнамасының басты міндеті – мемлекеттің қажеттіліктері мен бизнестің мүмкіндіктері арасындағы теңгерімді сақтау. 2025 жылдың соңына дейін салықтық әкімшілендірудің бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу көзделеді», — деді спикер.

Бұдан басқа, шекара маңындағы кеден бекеттері бойынша жұмыстарды аяқтауға, сондай-ақ кірістердің заңсыз «ағынына» жол бермеуге бағытталған кешенді шаралар іске асырылатын болады.

Салықтық әкімшілендірудің барлық процестерін жетілдіру жөніндегі жұмыс депутаттық корпуспен, қоғаммен бірлесіп және сарапшылар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерін жұмылдыру жолымен жалғасады.

Инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту үшін:

- қолданыстағы қолдау шараларына ревизия жүргізу;

- жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді ретке келтіру;

- халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен ауқымды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының пулын айқындау жоспарлануда.

«Тағы бір басым міндет мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясатын жетілдіру. Олар жекеше сектормен бәсекелеспеуге тиіс. Заңнамалық деңгейде оларды құру мақсаттары айқындалады, жұмыс форматы регламенттеледі. Сондай-ақ активтерді қайтару жөніндегі заңнамаға түзетулер енгізу бойынша жұмыс шеңберінде оларды ерікті негізде қайтару, сондай-ақ ел экономикасына инвестиция салу жолымен қайтару тетіктері пысықталады», — деп мәлімдеді Н. Байбазаров.

Агроөнеркәсіп желісі бойынша қолжетімді кредиттеу көлемін ұлғайту, мемлекеттік субсидиялардың пайдаланылуын бақылауды күшейту, сондай-ақ жер учаскелерін қайтару рәсімін жеңілдету сияқты жекелеген шаралар қабылданады.

«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде ауыл тұрғындары өндірген өнімді қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын дайындау, жаңа құрал – «тауар несиесін» енгізуге мүмкіндік жасау, сондай-ақ азаматтарды өнімді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру бойынша оқыту орталықтарын іске қосу жөніндегі шаралар көзделеді.

Өнеркәсіп саласында отандық шикізат пен жинақтауыштарды барынша пайдалану үшін, жүйе құраушы кәсіпорындардың айналасында аралас өндірістерді жандандыра отырып, ірі жобалар іске асырылады.

Толыққанды ұлттық автомобиль жасау кластерін құру бойынша шаралар қабылданады, сондай-ақ Газ саласын дамыту бойынша кешенді жоспар өзектілендіріледі.

Сонымен бірге басқа моноқалалардың экономикасын әртараптандыру үшін Саран қаласының экономикалық даму тәжірибесі ауқымды қолданылады. Алатау қаласын озыңқы дамыту шеңберінде инвестициялау және жайлы тұру үшін тартымды жағдайлар жасалатын болады.

Бірінші кезектегі инфрақұрылымдық міндеттерге қатысты

«Энергетика секторында және коммуналдық шаруашылықта тиісті Ұлттық жоба қабылданады. Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін инвестицияларды ақылға қонымды мерзімде қайтаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тарифтік әдіснама қайта қаралатын болады», — деді спикер.

Сонымен қатар, инженерлік коммуналдық желілерді салу және жаңғырту үшін қарызға қаражат тарту мақсатында 2024-2029 жылдарға арналған тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын қаржыландыру бағдарламасы әзірленді.

Бағдарлама бюджет қаражатын үнемдеуге және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, жыл соңына дейін коммуналдық қызметтерді тұтынудың «көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидаты бойынша бекітілген әлеуметтік нормаларын ауқымды қолдану көзделуде.

Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының мүдделерін қорғау мәселелері пысықталатын болады. Осылайша, салалық заңға әлеуметтік маңызы бар қызметтер және оларды мемлекеттік көрсетілетін қызметтер процестеріне ұқсас регламенттеу ұғымы енгізіледі.

Көлік-логистика саласында таяудағы 3 жылда рентабельділік деңгейге дейін жүктерді темір жолмен тасымалдауға реттелетін тарифтер бекітілетін болады.

Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мен жаңғыртуды, сондай-ақ тасқын суларды шоғырландыру жөніндегі технологияларды енгізуді қамтитын су тасқынын басқарудың интеграцияланған жүйесін әзірлеу жоспарлануда.

Бұдан басқа, жеке инвестицияларды тарту үшін жаңа тетіктер мен ынталандырулар енгізіледі. Кәсіпорындарда суды үнемдеу технологияларын пайдалануды қосымша ынталандыру үшін тиісті шаралар кешені әзірленеді.

Цифрландыру желісі бойынша тиісті заңның қабылдануы есебінен жасанды интеллектті енгізу үшін құқықтық жағдайлар қамтамасыз етіледі.

«Цифрлық активтер мен майнингті нормативтік реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасады. “Электронды үкімет” платформасына жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның киберқауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында тиісті заңнамалық шаралар қабылданады», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Келесі жылы Астанада Ұлттық жасанды интеллект орталығын ашу жоспарланып отыр.

Н. Байбазаровтың айтуынша, туризм саласында Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, аэровокзал кешендері мен әуежайларды салу бойынша жұмыстар көзделген.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы шағын авиация әуе кемелерін сатып алу жоспарлануда. Бұл шаралар ішкі туризмді дамытуға қосымша серпін береді», — деді ол.

Әлеуметтік блокта білім берудің, денсаулық сақтаудың және спорттың сапасы мен қолжетімділігін арттыру, оның ішінде оларды қаржыландыруды реформалау мәселелері бойынша шаралар қабылданатын болады. Осы мақсатта мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін, «әлеуметтік әмиян» құралын пайдалану, білім беру гранттарын дифференциациялау және тағы басқалар қарастырылуда.

«Ақша баланың соңынан жүреді» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қаржыландырудың дифференциацияланған тәсілі моделіне ерекше назар аударылады.

Алдағы 3 жыл ішінде ел бойынша 1300 мектепті, оның ішінде демеушілік қаражаты есебінен қайта жаңарту жоспарлануда. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер үшін жеке басқару жүйесі көзделетін болады.

Денсаулық сақтау саласының негізгі міндеттерінің бірі – міндетті медициналық сақтандыру есебінен бірыңғай базалық мемлекеттік медициналық көмектің пакетін қалыптастыру.

«Медициналық деректерді бақылау және объективтілігі мақсатында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін іске қосу жоспарлануда. Бұдан басқа, бұқаралық және балалар спортын дамыту саласындағы заңнама жаңартылады», — деп мәлімдеді Н. Байбазаров.

Келесі жылы Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу бойынша жекелеген іс-шаралар көзделген.

Экология саласында негізгі орманды өңірлерде «Семей орманы» атты табысты тәжірибені ауқымды қолдану бойынша жобаларды іске асыру жоспарланған. Ел кәсіпорындарының қоршаған ортаға эмиссияларын төмендету мақсатында 2027 жылдан бастап озық технологиялар негізінде кешенді экологиялық рұқсаттар беру қарастырылуда.

«Таза Қазақстан» акциясы әкімдердің, сондай-ақ бизнестің қоршаған ортаны қорғау бойынша дербес жауапкершілігі бекітіле отырып, жалғасады.

Құқық қорғау жүйесінде «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» Заң жобасын әзірлеу жоспарланған. Жол қауіпсіздігі жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, зияткерлік жүйелерді енгізу және автомобильдердің техникалық жай-күйін тиісінше бақылау жолымен күшейтілетін болады.

Қорғаныс саласында Қарулы Күштерде заңдылықты, құқықтық және әскери тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шара жоспарланған. Бұл әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басмыдық беруі тиіс.

«Мемлекеттік органдар, өңірлерді қоса алғанда, Жалпыұлттық жоспардың әр бағытының уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ететін болады», — деп түйіндеді баяндамасын Нұрлан Базарбаев.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында маңызды мәселелердің бірі инфрақұрылымды ретке келтіру болатын. Бүгінде Түркістан...

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы барлық негізгі макрокөрсеткіш бойынша оң динамиканы көрсетуде. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,8...