Астана, 2024 жылғы 20 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстандағы Еуропалық Одақ, Франция және Польша дипломатиялық өкілдіктерінің жаңадан тағайындалған басшыларын қабылдады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері бойынша «сағаттарын теңестірді», оның ішінде парламентаралық ынтымақтастық, көлік, ұтқырлық, ауыл шаруашылығы, білім беру, сауда және инвестиция бойынша алдағы сапарлар мен бірлескен іс-шараларға назар аударылды.
Еуропалық Одақ Елшісі Алешка Симкичпен кездесуде Р.Василенко Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру аясында, «Орталық Азия – ЕО» форматында Қазақстанның Еуропалық Одақпен, Франция және Польшамен қарым-қатынастарының жоғары деңгейін атап өтті.
Франция Елшісі Сильвон Гиогемен кездесу барысында энергетика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, инвестиция, сондай-ақ жаһандық жылынуға қарсы күрес салаларында екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланды. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыру үшін өзара сапарлардың серпінін сақтаудың маңыздылығы аталып өтті.
Польшаның Уақытша сенімді өкілі Михал Лабендамен кездесу барысында үкіметтер, сыртқы істер, өңірлер мен іскер топтар деңгейінде екіжақты қарым-қатынастардың оң динамикасын атап өтті.
Сұхбаттастар Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның маңызды рөліне назар аудара отырып, серіктестікті тереңдету перспективаларын талқылады, сондай-ақ байланыстарды нығайту және сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту ниетін растады.
Р.Василенко жаңадан тағайындалған миссия басшыларына Қазақстандағы жұмыстарында табыс тіледі. Ал еуропалық дипломаттар екіжақты қарым-қатынастардың даму серпінін жоғары бағалап, стратегиялық серіктестік аясында өзара іс-қимылды белсенді дамытуға құлшыныстарын растады.
Анықтама: Еуропалық Одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. ҚР сыртқы саудасы мен шетелдік инвестицияның 30% астамы ЕО-ның үлесінде. 2023 ж. Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 41,4 млрд долл. құрады (экспорт – 31 млрд долл., импорт – 10,4 млрд долл.). 2024 ж. қаңтар-шілде кезеңінде бұл көрсеткіш 27,9 млрд долл. құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,2%-ға жоғары (23,4 млрд доллар). Экспорт 23,8%-ға өсіп, 21,6 млрд долл. құрады; импорт 5,8%-ға өсіп, 6,3 млрд долл. құрады. 2005 ж. бері ҚР экономикасындағы еуропалық инвестициялардың көлемі – 180 млрд долл.
Франция – Қазақстанның экономикасына 19 млрд долл. астам инвестиция салған маңызды экономикалық серіктес және ірі шетелдік инвесторлардың бірі. 2023 ж. ҚР және Франция арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд долл. құрады (экспорт – 3 млрд долл., импорт – 1,2 млрд долл.), бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,7%-ға жоғары. 2024 ж. қаңтар-шілде кезеңінде тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,2%-ға өсіп, 3,530 млрд долл. құрады (экспорт – 2,387 млрд, импорт – 1,143 млн).
Польша – Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы жетекші сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі. ҚР мен Польша арасындағы тауар айналымы 2023 ж. 1,23 млрд долл. құрады (экспорт – 598,0 млн долл., импорт – 698,9 млн долл.). 2024 ж. қаңтар-шілде кезеңінде – 646,6 млн долл. құрады. 2005 ж. бері Польшаның Қазақстан экономикасына құйған инвестициялардың көлемі 447 млн долл. құрады.