Университет ректоры халық алдында есеп берді

Университет ректоры халық алдында есеп берді

Бүгін Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова 2023-2024 оқу жылында атқарылған іс-шаралар туралы ұжым және қоғам алдында есеп берді, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі. 

Жиынға Түркістан облысының құрметті азаматтары, облыс және қала әкімдігінің өкілдері, қоғам белсенділері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері, университет ұжымы мен студенттер қатысты.

Айтулы кеште сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова:

 «Құрметті ардагерлер, ақ жаулықты аналар, университет ұжымы мен сүйікті студенттер! Бүгінгі жиынды өткізуді 1-қазан күніне кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Себебі, дәл бүгін екі бірдей керемет мереке бар. Қос мерекеде сіздермен кездесіп, есеп беріп, болашаққа деген жоспарларымызбен бөліскіміз келді. Бүгін – Халықаралық қарттар күні. Сондықтан осында жиналған барша ардагер ұстаздарымыз бен қала дамуына еңбегі сіңген ақсақалдар мен ақжаулықты аналарымызға алғыс айтамыз!

Екінші маңызды мереке – жоғары білім қызметкерлерінің күні! Кез келген елдің болашағы, сол елдегі жоғары білімнің дамуы, ғылыми және инновациялық зерттеулерінің деңгейімен тығыз байланысты. Кәсіби мерекеміз құтты болсын, құрметті әріптестер!

Ал, бүгінгі жиналудағы басты мақсатымыз – университет ұжымы мен Түркістан халқы, қоғам алдында есеп беру. Олай болса, жылдық есеп беру жиынымызды бастауға рұқсат етіңіздер!»-деді.

Жанар Темірбекова, ең алдымен, университеттің қайта қаралған миссиясы және старатегиялық мұратымен таныстырды. Сонымен қатар, өткен оқу жылында академиялық, ғылым, медицина, әлеуметтік, шаруашылық және өзге де бағыттарда атқарылған ауқымды шаралар туралы ашық ақпарат берді.

2023-2024 оқу жылында университет 993 білім грантын жеңіп алды. Осылайша, 2022-2023 оқу жылымен салыстырғанда грант саны 34% артты.

Университет қабырғасында жаңа орталықтар және зертханалар іске қосылды. Оның ішінде: «Жеміс жидектерді өңдеу өндірістік цехі», «Turkistan EdTech Lab» Сoursera орталығы, Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар» ғылыми зертханасы, Микробиология және биотехнология зертханасы, Мектептегі биологияны оқытудың инновациялық әдістері зертханасы, Микробиология және вирусология зертханасы, Интерактивті видео студия және т.б. ашылды.

Айта кетейік, жыл көлемінде 150-ге жуық ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылды. 18-ге жуық халықаралық деңгейдегі конференциялар мен конгрестер өтті. Ғалымдардың мақұлданған гранттық жобалар саны да көбейді.

Университет ғалымдарының гранттық жобалары аясында «STEM және креативтілік» оқу-зертханасында ғалымдар 3D-принтерлер мен басқа да жабдықтардың көмегімен телескоп жасап шығарды.

Оқу орданың кітапхана қоры да кеңейе түсті. 2023-2024 оқу жылында 15 068 518 тг көлемінде оқулықтар мен электронды кітапхана сатып алынды. Жалпы кітап қоры – 517 138.

Өткен оқу жылында 7 оқытушы Қазақстан Республикасының «Үздік оқытушысы» атанды. Ал, 10 оқытушы – «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Университет ғалымдарының 9 ғылыми жобасы гранттық қаржыландыруға ие болды.

Университетінің клиника-диагностикалық орталығы – Түркістан қаласы бойынша 2023 жылы 24/7 тәулік бойы алғашқы үшінші деңгейдегі инсульт науқастарын қабылдай бастады. Неврология және интервенциялық нейрохирургия салаларындағы облыстық маңызды клиникаға айналды.

Биыл оқу ордамыз әлемдегі ең ықпалды әлемдік университет рейтингтерінің бірі – QS World University Rankings 2024 көрсеткіші бойынша 816-орынға ие болды.

Сондай-ақ, білім мен ғылымға қатысты түрлі критерийлер арқылы бағаланатын – Asia University Rankings қорытындысымен Азия құрлығында - 203, Орталық Азия құрлығында 7-ші орынға табан тіреді.

Атап өтер таңы бір маңызды бағыт – шаруашылық саласы. Өткен оқу жылында университет оқу ғимараттары мен жатақханаларды жөндеу, өзге де қажетті шаруашылық жұмыстары жүргізілді. Мәселен, университеттің және демеушілердің қолдауымен, оқу орнымыздың бұрынғы ректорлары және белгілі профессорлар Лесбек Ташимов пен Серік Пралиев атындағы оқу залдары ашылды. Филология факультетінің акт залы, ҚР Халық артисті, профессор Райымбек Сейтметов атындағы сахна залы жаңа кейіпке енді. Сондай-ақ, осындай қарқынды жұмыстар аясында ҚР Халық артисті, профессор Қажыбек Бекбосынов пен ҚР Халық артисті, профессор Рахима Жубатурова атындағы қос аудитория да ашылды. №6 ғимаратының спорт залы да заманауи қалыпқа келтіріліп, ағымдағы жөндеуден өтті. Шаруашылық жұмыстары мұнымен шектелмейді.

Түркі әлемі жастарының басын қосқан білім ордасының 2023-2024 оқу жылында жеткен жетістіктері көп. Бұл жайлы ректор есебін тыңдаушылар да атап өтті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...