Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа әлеуметтік-құқықтық қорғау моделі аясында мүгедектігі бар адамдарға қатысты құқықтарды кемсітушілікті анықтау және жою мақсатында ұлттық заңнаманы талдауды қарастырады. Нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарға қатысты теңдік пен кемсітушілікке жол бермеуді қамтамасыз ететін заң жобасы әзірленеді. Оның ішінде қолданыстағы «мүгедектік», «балалар мүгедектігі» және басқа да ұғымдар Біріккен Ұлттар Ұйымының мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы Конвенциясына және әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне сәйкестендіріледі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ брифингінде Инклюзивті саясат тұжырымдамасының тетіктеріне тоқталып өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Оның хабарлауынша, мүгедектігі бар адамдардың құқықтық қорғалуы тиімді заңнамалық және нормативтік актілерді қабылдау, сондай-ақ мониторинг және бақылау механизмдерін енгізу арқылы кеңейеді.
«Сонымен қатар мүгедектігі бар көшіп-қонушы балалар мен мүгедектігі бар босқын балаларға әлеуметтік қорғау шараларын, медициналық көмекті және инклюзивті білім алуға ұсыныстар әзірленеді. Сот ісін жүргізуге инклюзивті мамандардың қатысуы мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Пенитенциарлық мекемелерде мүгедектігі бар адамдарды ұстау жағдайларын жақсарту үшін инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қайта құру жоспарлануда», – деді спикер.
Еңбек министрлігі отбасының қажеттіліктерін бағалау бойынша Отбасының цифрлық картасы арқылы тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар медициналық - әлеуметтік сараптаманы кезең-кезеңмен трансформациялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара кейбір нозология түрлері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай проактивті форматта өткізуге толық көшуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ абилитация және реабилитация саласын ғылыми-практикалық қолдауды кеңейту мақсатында әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының трансформациясы жүзеге асырылуда. Реабилитациялық іс-шаралардың тиімділігін арттыруға цифрлық технологияларды кеңінен қолдану арқылы қол жеткізу жоспарлануда.
Цифрлық реабилитация күнделігін және қашықтықтан реабилитация технологиясын енгізу оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оңалтудың техникалық құралдарының тозу деңгейін анықтау, мұндай өзекті емес құралдарды уақтылы ауыстыру үшін медициналық-әлеуметтік сараптама енгізіледі. Оңалту процестерінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін оңалтудың техникалық құралдарын уақытша және тегін пайдалану мәселесі қарастырылуда.
«Аймақтарда оңалту орталықтарының құрылысын жалғастыру жоспарлануда. Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту процесі де жалғасады. Мысалы, инклюзивті тұруға арналған әмбебап дизайн негізіндегі шағын сыйымдылықтағы үйлер желісін кеңейту жоспарланған. Бұл қазіргі стационарлық жағдайдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына балама ретінде қарастырылып отыр. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру әлеуметтік қызметкерлер үшін жаңа кәсіби стандарттарды енгізу арқылы мүмкіндік болады», – деді вице-министр.
2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі және олардың міндетті аттестациясы, әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізіледі.