Шымкент қаласының әкімі өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысын тексерді

Шымкент қаласының әкімі өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысын тексерді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланың экономикалық және әлеуметтік даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысын көзбен көріп, тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Алдымен әкім «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан аяқ киім шығаратын «Кирал Достық» (Kiral Dostyk) фабрикасына барды. Бұл кәсіпорын жылына шамамен 1 миллион жұп аяқ киім өндіріп, 10 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өндірістің басты ерекшелігі — өнімнің бір бөлігі Ресей мен Қырғызстанға экспортталуда. Қала басшысы өндірісті дамытумен қатар, кәсіпорын мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты күшейту қажеттігін айтып, колледж студенттерін осы фабрика базасында өндірістік тәжірибеден өткізуге жағдай жасау тапсырмасын берді.

Кейіннен әкім картон және гигиеналық өнімдер шығаратын «БумПром» ЖШС зауытының жұмысымен танысты. Мұнда тәулігіне 50 тонна өнім шығарылып, 70 адам еңбек етуде. Қала басшысы кәсіпорынға өнім өткізу нарығын кеңейтуге жәрдемдесу үшін тиісті басқармаларға мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануды тапсырды.

Өндірістік нысандармен қатар, әкім инфрақұрылымдық жобалардың да барысын тексерді. Атап айтқанда, Қойкелді батыр көшесінің үстімен өтетін теміржол көпіріндегі күрделі жөндеу жұмыстарының қарқынына баға берілді. Қазіргі уақытта құрылыс белсенді жүргізілуде, ал көлік қозғалысын осы айдың соңына дейін қайта ашу жоспарланған. Әкім құрылыс компаниясына жұмыстарды құрылыс нормалары мен сапа стандарттарына сәйкес, уақытылы аяқтауды міндеттеді.

Қала басшысы әлеуметтік бағыттағы нысандарға да назар аударды. Әл-Фараби және Тұран аудандарында орналасқан есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 және №2 арнайы мектеп-интернаттардың жұмысымен танысып, оқыту мен тәрбиелеу жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны жаңғырту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Қаланың экологиялық және эстетикалық келбетін жақсарту жұмыстары да әкім назарынан тыс қалған жоқ. Арғынбеков пен Бәйтереков көшелерінің қиылысындағы 2 200 шаршы метр жерге жайғасқан жаңа қоғамдық кеңістіктің жай-күйін тексерген әкім, мұндағы көгалдандыру, су бұрқақ пен гүлзарларды көбейту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Бұл демалыс орны тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістікке айналуы тиіс.

Сапар соңында әкім Бәйтереков көшесінің күтімі мен тазалығы бойынша нақты тапсырмалар беріп, қоқыс шығару жұмыстарының жүйелі түрде ұйымдастырылуын талап етті. Аудан әкімі мен Жайлы ортаны дамыту басқармасына көше тазалығының күнделікті мониторингін жүргізіп отыру жүктелді.

Бұл аралау Шымкент қаласының инфрақұрылымын жаңғырту, өндіріс қуатын арттыру, әлеуметтік қамтуды жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың бір көрінісі болды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...