Зауыт қызметкерлеріне интернет алаяқтық пен лудомания туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Зауыт қызметкерлеріне интернет алаяқтық пен лудомания туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Шымкент қаласындағы «Шымкентский отводный завод» ЖШС ұжымында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қызметкерлерге арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараны өткізудегі басты мақсат – зауыт жұмысшыларына интернет кеңістігінде жиі кездесетін киберқылмыстар мен құмар ойындарының (лудомания) зияны туралы кең көлемде ақпарат беру және психологиялық қолдау көрсету.

Жиынға Шымкент қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Қабыл Сұлтан Абзалұлы арнайы шақырылды. Ол зауыт жұмысшыларымен ашық форматта кездесу өткізіп, интернет алаяқтықтың түрлері, оның қоғамға тигізетін кері әсері және одан қорғану жолдары туралы кеңінен түсіндіріп берді.

Қазіргі уақытта интернеттегі қаржылық алаяқтықтар күн санап артып келеді. Әсіресе, танымал банктердің немесе мемлекеттік органдардың атынан жалған хабарламалар жіберу арқылы азаматтардың жеке деректерін ұрлау, шоттарынан қаражат шешіп алу сияқты әрекеттер жиі кездеседі. Қабыл Сұлтан осы секілді схемаларға алданбау үшін қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін нақты мысалдар арқылы көрсетті.

Сонымен қатар, жиында құмар ойындарына тәуелділік мәселесі – лудомания да кеңінен қозғалды. Бұл дерттің бүгінде жастар ғана емес, еңбекші қауым арасында да етек жайып келе жатқаны алаңдаушылық туғызады. Құмар ойындарына тәуелділік адамдардың жұмыс қабілетін төмендетіп қана қоймай, отбасылық кикілжіңдерге, тіпті қылмыстық әрекеттерге де алып келуі мүмкін. Осы ретте тәртіп сақшысы ойын бизнесіне тәуелділіктің алғашқы белгілерін ерте анықтап, дер кезінде мамандарға жүгіну қажеттігін айтты.

Кездесу барысында зауыт қызметкерлері тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Жұмысшылар әсіресе интернет арқылы жасалатын қаржылық алаяқтықтар мен әлеуметтік желі алаяқтарының әрекеттеріне байланысты өз тәжірибелерімен бөлісіп, құқық қорғау органдарынан қандай көмек сұрай алатынын нақты білді.

Психологиялық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Жиын аясында зауыт жұмысшыларына күйзеліс жағдайында өзін ұстау, психологиялық тұрақтылықты сақтау және отбасылық қатынастағы үйлесімділік туралы кеңестер берілді. Бұл бағытта кәсіби кеңесшілердің көмегімен ақпараттық материалдар таратылып, қолдау көрсету арналары таныстырылды.

Іс-шара жұмысшы мамандықтарының маңызын арттырумен қатар, олардың күнделікті өмірде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды. Мұндай кездесулер еңбек адамдарының құқықтық сауаттылығын арттырып, жұмыс орындарындағы психологиялық ахуалды жақсартуға үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй...

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын конституция деңгейінде қорғау қажеттігі туралы пікір білдірді. Осы тұрғыда ол...