Алматы қаласында жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Заң және тәртіп» акциясы аясында кезекті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шараға Жастар саясаты басқармасы, жастар ұйымдары, комьюнити орталықтары, қоғамдық кеңес өкілдері және Полиция департаментінің қызметкерлері қатысты.
Рейд барысында түнгі және компьютерлік клубтар, барлар, кафе мен мейрамханаларды қоса алғанда ондаған ойын-сауық нысаны тексерілді. Ерекше назар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне, жастарды заңсыз әрекеттерге тарту фактілеріне және есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтауға аударылды.
Тексеру нәтижесінде 28 компьютерлік және түнгі клубта, сондай-ақ қала аумағындағы бірқатар орындарда 57 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың қатарында кәмелетке толмағандарды ойын-сауық орындарына кіргізу, жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тарту белгілері және мекеме иелерінің заң талаптарын сақтамауы бар.
Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, заңнамаға сәйкес айыппұлдар салынды. Сонымен қатар жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Айта кету керек, осыған ұқсас рейд барысында 2026 жылдың сәуір айында бір түн ішінде 130-дан астам нысан тексеріліп, 200-ден аса құқық бұзушылық анықталған болатын. Мамандар мұндай іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету және заңсыз әрекеттердің алдын алу – қоғамның тұрақты дамуы мен қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды кепілі болып табылады.

