2026 жылғы 13 қарашада Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында ол тұрғындармен және бизнес өкілдерімен кездесіп, өңір кәсіпорындарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Облыс әкімдігінде өткен кездесуде вице-министр ішкі және электрондық сауданы дамыту, отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдау шаралары, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша сауда көлемінің өсімі 6,2%-ды құрады. Ішкі тауар айналымы 60,8 трлн теңгеге, ал электрондық сауда көлемі 2,5 трлн теңгеге жетті. Әсет Нүсіпов сондай-ақ сауда кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау, қазақстандық өнімдерді ілгерілету және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту шаралары туралы хабарлады.
Кездесу барысында баға жағдайы да жеке талқыланды. 4 қарашадағы жағдай бойынша жыл басынан бері ӘМАТ бағасының өсімі 1,9%-ды құрады. Қабылданып жатқан шаралар қатарында сауда үстемелерін бақылау, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу және халыққа атаулы қолдау көрсету бар.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов сауда саласындағы бизнес өкілдерімен өзара іс-қимыл туралы айтып берді. Бөлшек сауда қауымдастығының жетекшісі Владимир Быков ӘМАТ-тың реттелетін тізбесін қысқартуды, рұқсат етілген сауда үстемесін арттыруды және шағын әрі орта бизнесті NTIN жүйесін пайдаланудан босатуды ұсынды.
Отандық өндірушілерді қорғау мәселелерін «СантехПром» ЖШС директоры Владимир Крючков және «SILUMIN OF QAZAQSTAN» ЖШС бас директоры Нұрсұлтан Жұмабек көтерді. Олар жылыту радиаторларына арналған стандарттарды келісу кезінде бизнес мүдделерін ескеруді және контрафактілік өнімдердің айналымына жол бермеу шараларын күшейтуді ұсынды.
Сапар барысында Әсет Нүсіпов «Қарағанды-Нан корпорациясы» ЖШС, «Magnum E-commerce Kazakhstan» ЖШС филиалы, «Сарыарқа» ӘКК көкөніс қоймасы және «Оптима» сауда үйінің құрылыс алаңына барды.
«Қарағанды-Нан корпорациясы» ЖШС басшысы Андрей Авраменко кәсіпорын өнімдерінің экспорт көлемі 500 тоннадан асқанын хабарлады. Өнімдер Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытайға жеткізіледі. «Қарағанды ұн комбинаты» ЖШС өкілі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп ұн, жемдік ұн және өсімдік майын қолдау мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш білдірді.
«Magnum E-commerce Kazakhstan» ЖШС филиалында логистика жөніндегі директор Рустам Именов кәсіпорынның жұмысымен таныстырып, цифрлық жұмыс үдерістерін көрсетті. Компанияның мәліметінше, оның 1,4 млн-нан астам клиенті және 14,5 млн-нан астам тапсырысы бар. Көкөніс қоймасында вице-министр азық-түлік өнімдерінің қорларымен және Ұлттық тауарларды қадағалау жүйесінің жұмысымен танысты.
«Оптима» сауда үйінің жобалық жетекшісі Александр Куприенко құрылыс барысын таныстырып, мемлекеттік қолдау лимитін 3 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Әсет Нүсіпов «Сарыарқа» ӘКК көкөніс қоймасында азық-түлік өнімдерінің қорларымен, Ұлттық тауарларды қадағалау жүйесімен және бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.
Кездесу барысында түскен барлық ұсыныстар мен өтініштер хаттамаға енгізіліп, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тарапынан қаралатын болады.


