Kozybayev University-де қаржылық мониторинг бойынша микробіліктілік кабинеті ашылды

Kozybayev University-де қаржылық мониторинг бойынша микробіліктілік кабинеті ашылды

Kozybayev University-де Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында мамандандырылған білім беру алаңы ашылды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің микробіліктілік кабинеті студенттерге экономикалық қауіпсіздік және мемлекеттік қызмет салаларында сұранысқа ие қосымша кәсіби құзыреттер мен практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Жаңа білім беру алаңы мемлекеттік қызметке білікті кадрлар даярлауға, сондай-ақ болашақ мамандардың қаржылық мониторинг және экономикалық тергеп-тексеру салаларындағы практикалық құзыреттерін дамытуға бағытталған.

Оқу бағдарламасына академиялық үлгерімі жоғары және әңгімелесуден сәтті өткен «Құқықтану» білім беру бағдарламасының үшінші курс студенттері қатыса алады. Курсты аяқтаған студенттерге сертификат табысталып, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылады.

Кабинет оқу-әдістемелік материалдармен, криминалистикалық жабдықтармен және виртуалды шындық (VR) кешенімен қамтамасыз етілген. Студенттер нормативтік-құқықтық базаны зерделеп, процестік құжаттардың үлгілерімен және практикалық кейстермен жұмыс істей алады. Сондай-ақ виртуалды ортада тергеу іс-шараларын модельдеуге мүмкіндік жасалған. Сабақтарды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тәжірибелі мамандары жүргізеді. Бұл олардың кәсіби тәжірибесін білім беру процесіне енгізуге ықпал етеді.

Тарих, экономика және құқық факультетінің студенттерімен кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Нұраби Төлеутай университетпен ынтымақтастық тек кадр даярлау бағытында ғана емес, ғылыми-практикалық әзірлемелер саласында да дамып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, департаменттің бастамасымен Kozybayev University студенттері субсидия алуға берілген өтінімдерді тексеруге арналған қосымша әзірледі.

«Біздің ынтымақтастығымыздың нақты мақсаты бар. Ол – студенттердің теориялық білімін құқық қорғау саласындағы практикалық тәжірибемізбен ұштастыру, жас мамандардың кәсіби даярлығына қолайлы жағдай жасау және кадрлық резерв қалыптастыру», – деді Нұраби Төлеутай.

Өз кезегінде Kozybayev University Басқарма төрағасы – ректоры Ербол Исақаев Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен әріптестіктің нақты нәтижелер беріп отырғанын атап өтті. Бірлескен бастамалардың қатарында Fin IQ қаржылық диктантына дайындық, CyberShield-2026 республикалық хакатоны және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған ағартушылық жобалар бар.

«Біз үшін студенттердің салада қызмет етіп жүрген мамандардың тәжірибесін үйреніп, нақты практикалық кейстермен жұмыс істеуі және мемлекеттік қызметте сұранысқа ие құзыреттерді меңгеруі ерекше маңызды. Біздің ортақ міндетіміз – тек білікті түлектерді ғана емес, еліміздің экономикалық мүдделерін қорғауға қабілетті кәсіби мамандарды даярлау», – деді Ербол Исақаев.

Қаржылық мониторинг агенттігінің микробіліктілік кабинетінің ашылуы тәжірибеге бағдарланған жоғары білім беруді дамыту жолындағы кезекті маңызды қадам болды. Мұндай бастамалар жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, академиялық білім мен кәсіби тәжірибенің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ТМД Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің XXXVIII отырысы Шымкент қаласында аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Төтенше...

Түркістан қаласында кәсіпкерліктің тұрақты дамуы үшін қаржылық ресурстар мен өндірістік инфрақұрылымнан бөлек, білікті мамандардың болуы маңызды....