Шымкенттік кәсіпкер ұлттық құндылық пен әлеуметтік жауапкершілікті біріктірген жобаны жүзеге асыруда

Шымкенттік кәсіпкер ұлттық құндылық пен әлеуметтік жауапкершілікті біріктірген жобаны жүзеге асыруда

Шымкент қаласында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары нақты нәтижесін беріп келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – кәсіпкер Сейітханова Гүлнұрдың жүзеге асырып жатқан «Сазбалшық өндірісі және сазбалшықтан емдік әрі шығармашылық әдіс-тәсілдермен оқыту орталығы» жобасы. Бұл бастама өндіріс, білім беру және әлеуметтік қолдауды бір арнаға тоғыстырып отыр.

Кәсіпкер 2025 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне арналған мемлекеттік гранттар конкурсына қатысып, 5 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз грантқа ие болды. Мемлекеттік қолдау жобаны жүзеге асыруға қажетті өндірістік базаны қалыптастырып, жаңа бағыттағы кәсіпті дамытуға мүмкіндік берген.

Жобаның басты мақсаты – Шымкент өңірінің табиғи саз балшығын өңдеп, экологиялық таза өнім өндіру арқылы жергілікті өндірісті дамыту және ұлттық мәдени мұраны дәріптеу. Кәсіпкердің айтуынша, табиғи шикізатты тиімді пайдалану бір жағынан өңірдің өндірістік әлеуетін арттырса, екінші жағынан ұлттық қолөнер дәстүрлерін жаңғыртуға ықпал етеді.

Мемлекеттік грант қаражаты есебінен қажетті өндірістік жабдықтар сатып алынып, өндірістік жұмыстар толық іске қосылды. Соның нәтижесінде жергілікті шикізат негізінде дайындалатын «Шымкент саз» атты брендтік өнім қалыптасты. Бүгінде бұл өнім өңір тұрғындарының қызығушылығын тудырып, өз тұтынушысын таба бастады.

Қазіргі уақытта жоба аясында ай сайын 300-ден 500 килограмға дейін өнім сатылымға шығарылып отыр. Бұл көрсеткіш кәсіптің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтып, тәулігіне 500 килограмм тұрақты сатылым деңгейіне шығу жоспарланған.

Жобаның ерекшелігі оның әлеуметтік бағытында жатыр. Кәсіпкер тек өнім өндірумен шектелмей, қоғамға пайдалы бастамаларды жүзеге асыруды көздейді. Атап айтқанда, мектептерде, балабақшаларда және оңалту орталықтарында жұмыс істейтін мамандарды саз терапиясы әдістеріне тегін оқыту жоспарланған. Сонымен қатар, бұл мекемелер қажетті шикізатпен қамтамасыз етілетін болады.

Мамандардың пікірінше, саз терапиясы балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ұсақ моториканы жетілдіруге және психологиялық оңалтуға оң әсер етеді. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалар үшін мұндай әдістің маңызы зор.

Жобаны жүзеге асыру арқылы ұлттық қыш өнерін жаңғыртуға, экологиялық таза өнім өндіруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туып отыр. Сонымен бірге бастама әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын насихаттап, қоғамның осал топтарына қолдау көрсетуге бағытталған.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай әлеуметтік кәсіпкерлік жобалары өңір экономикасының дамуына ғана емес, қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге де ықпал етеді. Мемлекеттік гранттар азаматтардың тың идеяларын жүзеге асырып, жаңа кәсіптердің қалыптасуына жол ашуда.

Бүгінде «Шымкент саз» бренді жергілікті өндірістің жаңа үлгісі ретінде қалыптасып келеді. Бұл жоба ұлттық құндылықтарды сақтау, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік жауапкершілікті қатар ұштастыра отырып, қоғамға пайдалы бастамаға айналып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ