Шымкентте «Домбыра – ұлт үні, Конституция – мемлекет тірегі» атты мерекелік акциясы жалғасып жатыр. Бұл жолы өнер ордасына айналған кезекті мәдени алаң – «Shymkent Plaza» сауда-ойын-сауық орталығы. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары қазақтың халық әндерінің жанды дауыстағы орындауын үлкен ықыласпен тыңдады.
Дәстүрлі өнердің салтанат құрған сәті сауда кешенінің қақ ортасында көрініс тапты. Орталыққа келген бұқара өнерпаздардың шығармашылығына тәнті болып, әуезді әуенді ұялы телефондарына таспалады және әртістерге ыстық ықыласпен қошемеп көрсетті. Ұлттық өнермен осындай бейресми форматтағы жүздесу көпшілік үшін жағымды тосынсый болып, алдағы айтулы мерекенің асқақ рухын сезінуге мүмкіндік берді.
Ұлттық домбыра күні – халықтың рухани мұрасын сақтаудағы дәстүрлі музыка мәдениетінің маңызын айшықтайтын айтулы мейрам. Мұндай акциялар ұлттық өнерді концерттік залдардың шеңберінен шығарып, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігімен ұштастыруға жол ашады. Қоғамдық орындарда домбыра үнінің күмбірлеуі ұрпақтар сабақтастығын сақтауға септігін тигізеді, жастардың ел тарихына деген қызығушылығын оятып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін бекемдей түседі.
«Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншісі Нұрлан Балтақожа домбыра үні – ұлттық бірегейліктің басты ншандарының бірі екенін тілге тиек етті.
«Қазақың ұлттық нышандары туралы айтқанда, көбіне ұлттық киімдерміз, салт-дәстүріміз немесе киіз үй ойға оралады. Дегенмен, домбыраның бұл қатарда орны ерекше. Ол әрдайым қазақ халқымен бірге болды – қуанышта да, қиын-қыстау кезеңдерде де жанынан табылды. Оның үнімен ұрпақ тәрбиеленіп, аңыз-әпсаналар таралды, халқымыздың тарихы мен рухын бейнелейтін күйлер орындалды. Домбыра ешқашан жай ғана музыкалық аспап болған емес, ол – қазақтың тұрмысының, мәдениеті мен дүниетанымының ажырамас бөлшегі. Дәл соңдықтан бүгінгі таңда осы дәстүрді сақтап, ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілікті жас ұрпақтың бойына сіңіру аса маңызды», – деп атап өтті Нұрлан Балтақожа.
Мерекелік бағдарламалар шаһардың өзге де мәдени алаңдарында жалғасын таппақ. Бұл акция тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, елдің өткені, бүгіні мен болашағын біріктіретін қазақ мәдениетінің символы – домбыраның ерекше рөлін тағы бір мәрте айшықтауды көздейді.


