Түркістан облысында отандық кәсіпкерлікті дамытуға, жергілікті өндірістің әлеуетін арттыруға және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осындай маңызды бастамалардың бірі – Түркістан қаласында бой көтерген заманауи тұқымбақ. Жоба өңірді көгалдандыру қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар, жергілікті өндірісті дамытуға, импорттық тәуелділікті азайтуға және қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді көгалдандыру, экологиялық ахуалды жақсарту және жасыл аймақтарды ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын іске асырумен қатар, өңірдегі өндірістік кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы маңызды жобалардың біріне айналып отыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығында орналасқан жаңа тұқымбақтың жұмысымен танысып, өндірістік әлеуетті одан әрі арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Өңір басшысы өндіріс көлемін ұлғайту, инфрақұрылымды жетілдіру және жергілікті қажеттілікті толық қамтамасыз ететін көшет өндірісін дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімі өз сөзінде мұндай өндірістік алаңдардың тек Түркістан қаласында ғана емес, облыстың барлық аудан-қалаларында дамуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті кәсіпорындардың әлеуетін пайдалану арқылы еліміздің өзге өңірлерін де сапалы көшеттермен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде отандық өндірістің ауқымын кеңейтіп, өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайтады.
«Түркістан қаласы аумағындағы тұқымбақ» жобасының жалпы инвестициялық құны 400 миллион теңгені құрайды. Жалпы аумағы 10 гектар болатын өндірістік нысанның құрылысы 2025 жылдың қазан айында басталған. Жобаны күтіп ұстаушы әрі жауапты кәсіпорын ретінде «SK Geokart» ЖШС белгіленген. Компания қысқа уақыт ішінде гүлдер мен ағаш көшеттерін өсіру жұмыстарын жолға қойып, өндірістік қызметтің алғашқы нәтижелерін көрсете бастады.
Бұл жоба жергілікті кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, өңірдің өз қажеттілігін отандық өнім есебінен қамтамасыз етуге жол ашады. Соның нәтижесінде сырттан көшет сатып алу көлемін қысқарту мүмкіндігі артып, ішкі нарықтағы жергілікті өндірістің үлесі көбейеді.
Алдағы уақытта тұқымбақтың өндірістік инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамытылады. Жоспарға сәйкес жылыжайлардың аумағы кеңейтіледі, жаңа асфальт жолдар салынып, табиғи газ және ауыз су желілері тартылады. Сонымен қатар Арыс–Түркістан су жүйесінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану көзделген. Өсімдіктердің сапасын арттыру мақсатында арнайы зертхана құру да жоспарланып отыр. Мұндай жаңғырту жұмыстары кәсіпорынның өндірістік тиімділігін арттырып, өнім сапасын халықаралық талаптарға жақындатуға мүмкіндік береді.
Жоба толық өндірістік қуатына шыққан кезде тұқымбақ жыл сайын 700 мың түп біржылдық гүл, 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 50 мың түп қылқанжапырақты ағаш және 100 мың түп көпжылдық гүл өсіреді. Яғни кәсіпорынның жалпы өндірістік көлемі жылына 2 миллион түпке жуық көшет пен гүлді құрайды. Бұл көрсеткіш Түркістан облысын ғана емес, еліміздің басқа өңірлерін де жергілікті өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өндірілетін көшеттер Түркістан қаласы мен облыстағы саябақтарды, гүлзарларды, көшелерді және қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға пайдаланылады. Сонымен қатар жергілікті өндірістің дамуы көгалдандыру саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлердің жұмысына да оң әсер етіп, ішкі нарықтағы сұранысты отандық өнім арқылы қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының республика көлемінде 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл Түркістан облысында 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі маусымда 332 мыңнан астам көшет егілді. Барлық көшеттер облыстағы 14 жергілікті тұқымбақта өсірілуде. Бұдан бөлек, инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланып, белгіленген көрсеткіштен жоғары нәтижеге қол жеткізу көзделіп отыр.
Түркістандағы жаңа тұқымбақтың іске қосылуы өңірдегі өндірістік кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін беріп отыр. «SK Geokart» ЖШС жүзеге асырып отырған бұл жоба жергілікті өндіріс көлемін арттыруға, ішкі нарықты сапалы қазақстандық өніммен қамтамасыз етуге және отандық кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады. Сонымен қатар мұндай өндірістер инвестиция тартуға, жаңа технологияларды енгізуге және өңір экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосады.


