Жарма ауданының орталығы Қалбатауда тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – ауылдың орталықтандырылған ауыз су жүйесін толық жаңғырту. Жоба 2025–2027 жылдарға есептелген.
Қалбатаудағы таза ауыз су жүйесі 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі желінің жалпы ұзындығы 48,2 шақырым. Оның құрамында 180 су құдығы, 167 өрт сөндіру гидранты және 180 су тарату колонкасы бар.
Ауылдан үш шақырым жерде орналасқан №1 су көтергіш станциясында үш ұңғыма жұмыс істейді. №2 станцияда әрқайсысы 1000 текше метр су сақтайтын екі резервуар және көлемі 160 текше метрлік су мұнарасы орналасқан.
Бүгінде орталықтандырылған ауыз сумен 1111 жеке тұрғын үй, 21 заңды тұлға және 11 жеке кәсіпкер қамтылған. Облыс әкімі Берік Уәли Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес бұл бағыттағы жобаларға қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Қалбатауда әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған тағы бір нысан – жаңа стадион. Оның құрылысы 2025 жылы басталып, пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Жаңа спорт нысаны ауыл тұрғындарының дене шынықтырумен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттырады. Стадионда заманауи спорт алаңдары мен қажетті инфрақұрылым қарастырылады. Су жүйесін жаңғырту мен спорт нысанын салу Қалбатауда өмір сүру сапасын көтеруге бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі. Бұл жобалардың уақытылы аяқталуы ауылдағы коммуналдық қызмет сапасын жақсартып, балалар мен жастар үшін спортпен шұғылдануға қолайлы орта қалыптастыруға және елді мекеннің әлеуметтік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

