Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауы сәтті өтуімен құттықтады, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке қолдауы мен халықаралық ұйымдар құрамында Өзбекстан байқаушылар миссиясын жібергені үшін алғыс айтты.
Президент Өзбекстан көшбасшысына елімізде жүргізіліп жатқан ішкі саяси өзгерістер туралы айтып, Құрылтай – озық, заманауи және әділетті Қазақстан құруға бағытталған саяси реформалардың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Тараптар достық пен стратегиялық серіктестік рухында ұдайы нығайып келе жатқан қазақ-өзбек қарым-қатынасының даму барысына көңіл толатынын атап өтті.
Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейтуге, көлік-логистика, өндірістік кооперация салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік топтардың байланысын жандандыруға баса назар аударылды.
Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

