Түркістан облысында мақта жинау науқаны басталды

Түркістан облысында мақта жинау науқаны басталды
Қазақстанда вегетация кезеңі тұрақты өтіп жатыр. «Қазсушар» РМК-мен келісімшарт жасасқан барлық шаруа қожалықтары суармалы сумен уақытылы қамтамасыз етілді. Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал ауданындағы диқандар мақта жинауға кірісті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

«Қазсушар» РМК Түркістан филиалы жергілікті шаруа қожалықтарымен 277,5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын суаруға су беру бойынша 12 409 келісімшарт жасасты. Оның ішінде 3 500 гектарға күріш, 104,8 мың гектарға мақта егілген.

«Биыл 10 гектар жерге мақта ектік. Өткен жылмен салыстырғанда су жағдайы әлдеқайда жақсарды. Су кестеге сай, жеткілікті көлемде келіп жатыр. Ешқандай мәселе болған жоқ. Бұрын шалғайдағы жерлерді сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындайтын, қазір бұл мәселе шешімін тапты», – деді «Арынбек ата» шаруа қожалығының төрағасы Нұрмахамбет Арынбек.

Түркістан облысы бойынша 2026 жылғы вегетация кезеңіне арналған су алу лимиті 3,3 млрд текше метр. Бүгінгі таңда 3,2 млрд текше метр су алынып, 270,8 мың гектар егіс алқабы суарылды.

Жетісай ауданы бойынша су алу лимиті 663 млн текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда оның 585 млн текше метрі пайдаланылды. Биылғы вегетация кезеңінде аудан диқандары 53,6 мың гектар жерге мақта екті. Жергілікті фермерлермен суармалы су беру бойынша 2 567 келісімшарт жасалды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ