Заң мен тәртіп: ІІМ автокөліктерге қатысты ірі алаяқтық схеманың жолын кесті

Заң мен тәртіп: ІІМ автокөліктерге қатысты ірі алаяқтық схеманың жолын кесті

Ішкі істер министрлігі автокөліктерге қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінген қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Күдіктілер екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы жалған тұлғалардың атына автокөліктерді кепілге рәсімдеген. Кейін көліктерді Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығарып, қайта сатқан.

Алдын ала мәлімет бойынша осындай жолмен шетелге 56 автокөлік шығарылған.

Қылмыстық әрекетті тоқтату мақсатында ІІМ бір уақытта еліміздің 10 өңірінде жедел іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде 48 адам полицияға жеткізілді. Олардың ішінде қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жүргізілген іс-шаралар қылмыстық топтың одан әрі әрекет етуіне тосқауыл қойып, алаяқтықтың жаңа деректерінің алдын алуға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, шетелге шығарылған автокөліктерді іздестіру шаралары қабылданып жатыр.

Тергеу барысы ІІМ-нің бақылауында.

Ішкі істер министрлігі "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ