Үкіметте көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланды

Үкіметте көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланды

Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин көктемгі дала жұмыстарына дайындық жөніндегі жедел штаб отырысында егістіктерді әртараптандыру бойынша тапсырмалардың орындалуына бақылауды күшейтуді, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру шараларын жеделдетуді, техника мен дизель отыны дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайтынын, бұл 2024 жылғы деңгейден 385 мың гектарға артық екенін айтты. Майлы дақылдар алқабы 363 мың гектарға, оның ішінде күнбағыс алқабы 120 мың гектарға, азықтық дақылдар алқабы 122 мың гектарға ұлғайтылады.

Жедел штабта Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының майлы дақылдардың егіс көлемі бойынша АШМ белгілеген көрсеткіштерден артта қалып отырғаны айтылды. Мал азықтық дақылдар бойынша Жамбыл және Түркістан облыстары мақсатты көрсеткіштерге жете алмай отыр.

Серік Жұманғарин әкімдіктерге майлы дақылдар бойынша Жол картасының индикаторларына сәйкес, егістіктерді әртараптандыруды және барлық шараны қабылдауды тапсырды.

Оңтүстік өңірлерде егіс науқаны басталды. Бүгінгі күні 15 мың гектар егін, оның ішінде дәнді дақылдар – 0,5 мың гектарға, көкөністер – 8,9 мың гектарға, 5,6 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілді.

Минералды тыңайтқыштардың жеткізілуіне апта сайын қадағалау жүргізіледі. Жалпы, 1,9 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы техникасы 85%-ға дайын, жаппай жұмыстың басталуына дайындық 100%-ға дейін жеткізіледі. сондай-ақ жеңілдікті лизингке 200 млрд теңге бағытталады, бұл ауыл шаруашылығы техникасының паркін айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік береді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ деректері бойынша, 3,7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасына 2,2 мыңнан аса өтінім түскен, 120 бірлік ауыл шаруашылығы техникасына 85 өтінім бойынша қаржылық лизинг шарттары мақұлданып, келісім жасалды.

Көктемгі егіс жұмыстарына биыл 401 мың тонна дизель отыны бөлінді, тиеу кесте бойынша жүргізіліп келеді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін құны литріне 254 теңге, бұл нарықтық бағадан 14%-ға арзан.

Жалпы, көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі 700 млрд теңгеге дейін артып, бұл кемінде 8 млн гектар егіс алқабын қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 213,4 млрд теңге сомасына 1,9 мыңнан астам АШТӨ қаржыландырылды.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі өндірістерін құру мәселелері қаралды.

2024 жылы тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция көлемі 15,2%-ға артып, 181 млрд теңгені құрады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы институттарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жалпы құны 328,9 млрд теңге болатын 18 жобаны қаржыландыру жұмыстары жүргізуде. Атап айтқанда, оның 8-і – дәнді дақылдар, 4-еуі майлы дақылдар, 4-еуі етті қайта өңдеу және тағы 2 жоба – жемістерді қайта өңдеу және тауық жұмыртқасын терең өңдеу жобалары. СҚО тәжірибесін кеңейту аясында сүтті терең өңдеу бойынша 8 жобадан тұратын тізім жасалды. 

Кеңес қорытындысы бойынша әкімдіктерге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру шараларын жеделдету, тыңайтқыштар сатып алу жұмыстарын жандандыру, техника мен дизель отынының дайындығын қамтамасыз ету, егістіктерді әртараптандыру бойынша тапсырмалардың орындалуына бақылауды күшейту тапсырылды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі...