Түркістан облысында орман қауіпсіздігі мен жасыл қорды толықтыру жұмыстары күшейтілуде

Түркістан облысында орман қауіпсіздігі мен жасыл қорды толықтыру жұмыстары күшейтілуде

Түркістан облысында орман алқаптарының сақталуы мен көбеюіне ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары аймақтағы орман шаруашылықтарының жұмысын күшейту, табиғи ресурстарды қорғау және заңбұзушылықтың алдын алу бағытында кешенді шаралар қабылданып келеді. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жұмыс мәжілісі ерекше маңызға ие болды.

Жиынға Ордабасы, Отырар және Созақ аудандарындағы Орман және жануарлар әлемін қорғау мекемелерінің басшылары қатысты. Әр мекеменің қызметі сараланып, атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер талқыланды.

Отырар ауданындағы орман мекемесінің құрамында төрт орманшылық жұмыс істейді: Балтакөл, Байырқұм, Қаратау және Шәуілдір. Бұл құрылымдар жалпы 1 миллион 55 мың гектар жерді қамтиды, оның ішінде 686 мың гектары орманды алқап. Қазіргі таңда уақытша құрылған 30 гектарлық тұқымбақта 6 миллион түп сексеуіл көшеті өсірілуде. Сонымен қатар, негізгі 15 гектар тұқымбақта 844 мың түп әртүрлі ағаш пен бұта көшеті бапталуда.

Мекеме жыл басынан бері 94 рейдтік іс-шара өткізіп, 41 құқықбұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде, заң бұзған тұлғаларға 2 миллион 860 мың теңге айыппұл салынса, соның 1 миллион 287 мың теңгесі өндірілген.

Ордабасы ауданына қарасты Бадам орман шаруашылығы да жасыл желекті арттыру бағытында жұмыс атқаруда. Мұнда үш аумақта жалпы 12 гектар тұқымбақ ұйымдастырылып, көшет өсіру қолға алынған. Алайда, Боралдай орманшылығы үшін өрт сөндіру станциясы мен арнайы техника, құрал-жабдықтарға арналған бастырманың жоқтығы өзекті мәселеге айналып отыр.

Созақ ауданындағы Теріскей аймағында да орман шаруашылығы жүйелі дамуда. Бұл өңірдегі үш орманшылық – Созақ, Мойынқұм және Шолаққорған – жалпы 1 миллион 34 мың гектар аумақты қамтиды. Өткен жылы мекеме 2 мың гектарға түрлі ағаш көшетін отырғызса, қазіргі уақытта 20 гектарға сексеуіл, 2 гектарға қарағаш тұқымбақтары орналастырылған. Мекеме өкілдері су жинайтын арнайы орындар салу мәселесін көтеріп, облыс басшылығынан қолдау сұрады.

Нұрбол Тұрашбеков орманды алқаптарда қауіпсіздік шараларын күшейтуді, өрт қаупі жоғары аймақтарға ерекше бақылау орнатуды тапсырды. Сондай-ақ орман қорын молайту, тұқымбақтар санын арттыру және көгалдандыру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.

Жиын қорытындысында нақты тапсырмалар мен іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалу мерзімі мен жауапты тұлғалар белгіленді. Бұл қадамдар облыстағы орман шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама болып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Қостанай облысына жұмыс сапары барысында іске асырылып жатқан маңызды жоба - KIA маркалы автомобиль...