Түркістан облысына қарасты Келес ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіру арқылы халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған бұл бастама кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Бүгінде Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 59-ы көгілдір отынға қосылған. Бұл жалпы қамту көрсеткішінің 71,1 пайызға жеткенін білдіреді. Бұл – соңғы жылдары атқарылған жоспарлы жұмыстың нәтижесі. Газдандыру тек тұрмыстық жайлылықты арттырып қана қоймай, экологиялық қауіпсіздік пен ауыл шаруашылығын дамытудың да негізгі тетіктерінің бірі саналады.
Қалған 24 елді мекенді газбен қамту бойынша да нақты шаралар қабылданған. Қазіргі таңда 4 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Олар – Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық және Қоралас елді мекендері, Қошқарата округіндегі Ұшқын және Бірлік округіндегі Бірлік ауылы. Бұл жобалар аяқталған соң, тағы да бірнеше жүз отбасы табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар 9 елді мекенге магистральдық газ құбырын тартуға қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамалық оң қорытындысы алынған. Аталған елді мекендер қатарында Бірлік ауылдық округіндегі Жанатіршілік, Қосөткел, Үшағаш, Ошақты округіндегі Бақшысай, Ынталы, Саттаров, Қаратал, Атақоныс және Жиделі ауылдары бар. Енді бұл елді мекендер бойынша құрылыс жұмыстары алдағы уақытта қаржыландыру көлеміне қарай басталмақ.
Аудан орталығы Абай ауылында табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр. Дегенмен, тұрғын үй санының өсуі мен жаңа шағын аудандардың пайда болуына байланысты кейбір аймақтарда газ жеткізу жүйелерін жетілдіру қажет. Атап айтқанда, бірнеше көшеде жіңішке диаметрлі газ құбырларын жаңарту қажеттігі туындаған. Осыған байланысты жаңа жобалар әзірленіп, сәулет-жоспарлау тапсырмалары дайындалуда.
Келес ауданы әкімдігі тарапынан бұл бағыттағы жұмыстарға тұрақты бақылау жүргізіліп, халықпен кері байланыс орнату үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстары да қатар атқарылуда. Газ жүйесіне қосылуға ниетті тұрғындарға техникалық шарттарды рәсімдеу, құжаттар дайындау бойынша көмек көрсетіліп жатыр.
Табиғи газ – тұрмыстық қолайлылықтың ғана емес, экономикалық тиімділіктің де кепілі. Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар өңірдің инфрақұрылымдық дамуына серпін беріп, әлеуметтік жағдайды жақсартуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, аудан толықтай көгілдір отынмен қамтылған аймақтар қатарына қосылады деген сенім бар.