Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану және ирригациялық жүйелерді жаңғырту мәселесі ерекше назарда. Осы бағыттағы жұмыстардың орындалу барысымен танысу және жергілікті мамандармен пікір алмасу мақсатында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов жұмыс сапарымен өңірге келді.
Сапар барысында вице-министр «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының ғимаратында өткен кеңеске қатысып, өңірдегі су шаруашылығының жай-күйіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Қазсушар» филиалының директоры Қазыбек Бедебаев, сондай-ақ «Тұран-Су» мекемесінің өкілдері қатысты.
Кеңесте негізгі назар суармалы егістік жерлерді сумен қамту, су үнемдеу технологияларын енгізу және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне аударылды. Ерболат Ибрайханов су тапшылығының жылдан жылға өзекті болып келе жатқанын айта отырып, бұл мәселені тек жергілікті емес, мемлекеттік деңгейде шешу қажеттігін атап өтті.
Вице-министр Түркістан облысында ИБР (Ислам даму банкі) бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан тік ұңғымалар құрылысының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл нысандар жыл соңына дейін толығымен аяқталуы тиіс. Бұл қадам ауыл шаруашылығына қажетті судың көлемін арттыруға және фермерлердің суға деген тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында вице-министр су ресурстарын басқаруда жергілікті әкімдік пен жауапты мекемелер арасындағы өзара ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті. Су үнемдеу мәселесі тек техникалық шаралармен емес, сонымен қатар басқару, жоспарлау, мониторинг және ақпараттық жүйелерді жетілдіру арқылы шешілуі тиіс екенін жеткізді.
Айта кету керек, биыл «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы шамамен 300 шақырым каналдарды механикалық әдіспен тазартып, су өткізу мүмкіндігін арттырған. Бұдан бөлек, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен мекеме балансына 38 дана жаңа техника берілген. Бұл – техникалық жарақтандыру деңгейін арттырып, каналдарды күтіп-баптау жұмысын жедел әрі сапалы орындауға жол ашады.
Ерболат Ибрайханов сапар аясында өңірдегі бірқатар су нысандарын аралап, су қоймалары мен каналдардың жағдайымен танысуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар Түркістан облысында су ресурстарын тиімді басқару, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты қадамдары ретінде қарастырылуда.
Осылайша, орталық және жергілікті билік арасындағы үйлесімді жұмыс пен техникалық базаны жаңарту арқылы өңірдің су қауіпсіздігі мәселесін кезең-кезеңімен шешу көзделіп отыр.