Төлеби ауданында жаңа қосалқы электр станциясы іске қосылады

Төлеби ауданында жаңа қосалқы электр станциясы іске қосылады

Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Төлеби ауданына арнайы іссапармен барып, бірқатар маңызды нысандарды аралады. Сапар барысында инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстарының барысы тексеріліп, өзекті мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.

Іссапар Ленгір қаласындағы 3-кәріздік тазарту қондырғысының (КОС-3) құрылыс алаңынан басталды. Жаңа кәріз жүйесі тәулігіне 3500 текше метрге дейін сарқынды суды тазалауға қауқарлы. Бұл жоба қаладағы санитарлық жағдайды жақсартуға және кәріз жүйесіндегі жүктемені азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, қаладағы №1 және №2 кәріз тазарту ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қажетті қаржы қарастырылған. Бұл шаралар қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға серпін бермек.

Сапардың келесі нысаны — «Алатау» шағынауданында орналасқан жаңа электр қосалқы станциясы. Аталған станцияның құрылысы толық аяқталған. Қазіргі таңда құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, нысан маусым айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл станция Ленгір қаласының «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» мөлтек аудандарын сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, әлеуметтік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардың электр жүйесіне қолжетімділігі жақсарып, энергетикалық қауіпсіздік артады.

Сонымен қатар, «Алатау» мөлтек ауданында 22,4 шақырым автомобиль жолдарын асфальттау, суағарлар орнату және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң, аталмыш аумақтағы жол қозғалысы жағдайы айтарлықтай жақсарады. Аталған мөлтек ауданда жер кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй салу үшін жер телімдері бөлініп жатыр. Қазіргі таңда инфрақұрылым – электр жүйелері мен ауыз су құбырлары – тартылып, дайындық жұмыстары аяқталуда. Құрылыстың толық бітуі нәтижесінде 562 азаматқа жер телімдері табысталады.

Сапар соңында Зұлпыхар Жолдасов Ленгір қаласындағы №1 су жинақтаушы құрылғының жұмысымен танысты. Ауыз суды жинау, сақтау және тарату жүйелерін зерделеген ол, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтуды ұйымдастыру бойынша жауаптыларға тапсырма берді.

Төлеби ауданындағы бұл жобалар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, инфрақұрылымдық әлеуетті арттыруға және әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған нақты қадам болып отыр. Облыс әкімдігі тарапынан жүргізіліп жатқан бақылау бұл жобалардың уақытылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Қостанай облысына жұмыс сапары барысында іске асырылып жатқан маңызды жоба - KIA маркалы автомобиль...