Бозай ауылдық округінің 1970 жылдан 2000 жылға дейінгі аралықтағы мектеп бітіруші түлектері өздері туып өскен ауылы Бозай елді мекенінің аумағынан спорт алаңшасын салуда. Қайырлы істің басы-қасында жүрген Ералы Хидиров бұл жұмысты ауылымыздың жастары спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында басталғанын жеткізді.
«Қазіргі жастардың бос уақыты смартфонның ішінде өтуде. Одан келе «Трамадол» деген дәрінің әлегімен кеткендерді есітіп көңіліміз құлазыған. Ауылымдың 1985 жылы туылған азаматтары бірігіп осы істі бастадық. Қалған мектеп бітіруші түлектер қоштай кетті. Әкімдік қажетті жер телімін рәсімдеп, демеушілердің басын қосуда өз үлестерін қосуда» - дейді Ералы Жайлауұлы.
Аталған спорт нысанының құрылыс жұмыстарымен танысуға Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев арнайы барып, елдің ынтымақ, бірлігімен салынып жатқан алаңды көріп өз ризашылығын жеткізді.
«Қалталы кәсіпкерлеріміз келіп жатады алдыма. Той берейін деп едім, көкпар ұйымдастырып жатырмын деген. Сол азаматтарға айтамын той-томалақ бір күндік қызық, өтеді де кетеді. Ал осындай қайырымды тірліктер ел жадында мәңгілік сақталады. Бастамаларыңыз керемет. Нысанға тартылатын қажетті инфрақұрылымдарды ауыл әкімдігі мен тиісті бөлім өкілдері ұйымдастырады» - деген аудан басшысы Ақментай Үсенұлы ауыл әкіміне нысан айналасын көгалдандыруға басымдық беруді тапсырды.
Ауыл тұрғындары бұл нысанның атауын «Бозай» спорттық-сауықтыру кешені деп атапты. Спорт нысанының алаңы 828 м2 құрайды. Аталған нысан аумағында жастар қысқы ауа-райында да спортпен шұғылдануға жағдай жасауды мақсат етіп отыр.