Бүгін Тұран шағынауданындағы «New city» тұрғын үй кешені ауласында жаңадан ашылған балалар алаңшасы 25 қазан – Республика күніне тарту етілді.
Балалар алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Рақымберді Мулкеманов қатысып, тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтады.
–Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бүгін 25 қазан – Республика күні қарсаңында 9/3, 9/4, 9/6, 9/7 үйлердің ауласында жаңа балалар ойын және спорт алаңшасы қолданысқа беріліп отыр. Жалпы, биылдың өзінде 51 ойын және спорт алаңын салу жоспарланған болатын. Оның 41-і ойын алаңы. Мұның барлығы бүлдіршіндеріміздің игілігі үшін жасалып жатқан дүниелер. Барша аудан тұрғындарын Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын, - деді аудан әкімі.
Жаңадан ашылған алаңшада демалуға арналған бастырма, орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері орнатылған. Ал, ересектер үшін дене шынықтырумен айналысуға да мүмкіндік бар. Жаттығуға арналған спорт тренажерлері салаутты өмір салтын ұстанушыларға сеп болмақ. Орнатылған ойын және спорт элементтерінің барлығы Шымкенттегі кәсіпорында өндірілген отандық өнім. Мердігер компания екі жылға кепілдік мерзім беріп отыр.
Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасының үлесі жыл сайын артып келеді. Мәселен Шымқаладағы Әл-Фараби ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 4 есеге артқан.
Ауданды өткен жылы 14 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 59 жобаға қаржы бөлінді. 50 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 9 ашық спорт алаңшасы салынбақ. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын.
2023 жылы 32 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 7 ашық спорт алаңшасы салынса, 100 пайыздық меже орындалады.
Айта өту керек, жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды.
Айтпақшы, 2023 жылғы жоспарда 23 балалар ойын алаңшасын пайдалануға беру жоспарлануда. 2023 жылы 5 спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Ауданның ойын алаңшалары мен спорт алаңқайлары салынатын шағынаудандарға Тәуке хан, Д.Қонаев, Мәделі Қожа, Қазыбек би, М.Дулати, Желтоқсан, І.Іляев, Түркістан, Қабанбай батыр, А.Анаров, Ш.Рашидов көшелері және Қарасу, Ескі қала, Дархан, Шымкент май зауыты (МЖК) кіреді.
РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ТАРТУ ЕТІЛДІ
