ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ЕЛ ҚОРҒАҒАН САРБАЗДАР

ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ЕЛ ҚОРҒАҒАН САРБАЗДАР

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні - халқымызға тән батырлық пен ерліктің, Отансүйгіштіктің мерекесі. Атаулы күннің жас буынды патриоттық бағытта тәрбиелеуде маңызы айрықша. Өскелең ұрпақты ерлікке үндейтін мерекелік іс-шаралар шеруі Шымкентте бүгіннен басталып кетті.
Бұл күннің мереке ретінде аталып өтуіне 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасына қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы себеп болды. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алып, алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды.
2012 жылдың 4 қазанында Қазақстан Республикасының Парламенті мейрамдарға арналған заңды қайта қарап, 7 мамырды мемлекеттік мереке деп таныды. Заңға сәйкес, 7 мамыр демалыс күні болып бекітілді.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Сахна төріне еліміздің Мемлекеттік Туы салтанатты жағдайда шығарылып, Мемлекеттік Гимн шырқалып, көпшіліктің рухын көтерді.
«Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толып отыр. Осы жылдар арылығында ұлттық армиямыз түрлі даму сатыларынан өтіп, жылдан жылға қуаты артып келеді. Бүгінде дайындық деңгейі жоғары, жауынгерлік рухы асқақ, заманауи қару-жарақ және әскери техникамен жабдықталған. Айбынды армиямыз – тұғырлы Тәуелсіздігіміз мен мемлекетіміздің берік қорғаны болып табылады” - деді қала әкімі.
Сондай-ақ М.Дүйсенбекұлы бір топ әскери қызметкерді Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар жиында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев Қарулы күштердің ардагерлері мен жауынгерлерді мерекесімен құттықтап, жоғары деңгейде қызмет атқарған сардарлар мен сарбаздарды марапаттады.
Жиын соңы сарбаздар мен жергілікті әскери оқу орындары курсанттарының және эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты.
Еліміздің қорғаны - ер азаматтар! Сіздерді мемлекетіміздің айбынды мерекесі Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймыз! Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болыңыздар. Жүректеріңіз оттай лаулап, жандарыңыз әрдайым жас болсын. Қайратты, мақсатты болыңыздар.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ