Бүгін аудан әкімі Нұрбек Бадырақов бекітілген кестеге сәйкес Бөген ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Аудан басшысы бөгендіктерді жыл басынан атқарылған жұмыстардан және алдағы жоспарлар туралы құлағдар етті.
Кемер ауылындағы 40-тан астам үйге ауыз су құбырын тарту (1 шақырым 200 метр) жұмыстары осы айда басталып, шілдеде аяқтау жоспарланған.
4766 тұрғыны, 712 үйі бар Бөген ауылын газбен қамту жұмыстары 2024 жылы толық аяқталады. Қазіргі таңда 260 үй келісім шартқа тұрып, 20-сы үйіне құбыр тартқызып үлгерген. Ал, Кемер ауылының газ жүйесі бойынша құжаттар салалық басқармаға қаржы қарастыруға ұсынылған.
Биыл Бөген ауылындағы Ақалтын көшесіне, Кемер ауылындағы Береке, Бірлік көшелеріне жарықтандыру құрылғылары орнатылатын болады.
Бөгендегі Ы.Алтынсарин көшесі (қиылыс көшелер) орташа жөндеуден өткізілетін болады. Сондай-ақ стрит воркаут пен балалар ойын алаңшасын орнату жоспарлануда.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023 жылға іске асыру жоспарына Бөген елді мекенінен Дәрігерлік амбулатория құрылысы енгізілген. Оның құрылысына ЖСҚ әзірлеуге қаржы қаралған.
Негізгі қолға алынатын жұмыстар туралы толыққанды ақпарат берген аудан басшысы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, олар маңыздылығына қарай шешімін табатын болады, деп хабарлайды Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.