Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен кездесті. Көшпелі мәжілісте ауданның өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды қатаң сынға алды. Аудан әкіміне тапсырмалар берілді. Қызметіне сәйкес келмейтін басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі.
Мәжілісте Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Барлық саладағы көрсеткіштер баяндалып, қаржыны талап ететін жобалар ортаға салынды. Төлебидің даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданың экономикалық-әлеуметтік дамуындағы кедергілерге тоқталды. Анықтаған бірқатар кемшіліктер бойынша қолға алынатын шараларды баяндап берді. Негізгі көрсеткіштер төмендеген. Төлеби ауданындағы ғимараттар мен оның аумағының тазалығы сын көтермейтін, күл-қоқысқа толған нысандардың жауапты басшылары қатаң сынға алынды. Мәдениет және білім беру нысандарының күтіп-ұстауы төмен деңгейде. Тоз-тозы шығып, қираған демалыс орындарындағы жағдайды ретке келтіруге бір ай уақыт берілді. Көшелер мен жол сапасына сын көп.
– Бүгін біз Төлеби ауданындағы өзекті мәселелерді талдауға және олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз.
Заң бәрімізге ортақ, талап та қатты болуы тиіс.
Ауданда шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша, сондай-ақ, инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда кемшіліктер көп. Оларды жою үшін бір ай мерзім беремін. Сіздердің арттарыңызда ауданның 120 мың халқы тұр. Сондықтан өз міндеттеріңізді атқарарда жауапкершілік жүгін сезіне білген жөн. Талап өте жоғары. Қолдан келмесе, орынды босатыңыз. Халыққа шын жаны ашитын азаматтарға жоо беріңіз. Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды қолға алыңыз. Ауданның дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, ауданның инвестициялық климатын жақсарту қажет. Білім саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге күш салу керек. Туризмді дамыту керек. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуді тапсырамын. Тек бюджетті игерумен отырсақ, іс алға баспайды. Іскерлікті көрсететін кез келді,– деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі білім, мәдениет, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, спорт, денсаулық сақтау, абаттандыру, тазалық сақтау, жастарға қолдау көрсету жұмыстарын да ұдайы назарда ұстауды тапсырды. Кемшілікке жол берген басшыларға ескерту берді.
Жаңа форматтағы кездесулер алдағы уақытта барлық аудан, қалаларда жалғасады. Облыс әкімінің басшылығымен мәселелер ашық айтылып, шешу жолдары қаралады. Барлық сала зерделенеді. Осы арқылы өңірді дамыту жұмыс сапасын жақсарту, елдің өтініштері мен ұсыныстарын сапалы орындау, облыстың даму көрсеткішін жақсарту көзделіп отыр.
Жұмыс сапарында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарын аралап көрді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.