БИЫЛ ТАССАЙ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҒЫНДА 200 ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

БИЫЛ ТАССАЙ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҒЫНДА 200 ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар индустриялық аймақтарды аралап, кәсіпорындардың жұмыстарымен танысты.
Қазір «Тассай» индустриялық аймағында 24 жоба іске қосылып, онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Жалпы аймақ іске қосылғалы мұндағы кәсіпорындардан бюджетке 8,2 млрд. теңге салық төленген. Бизнес өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдаған М.Дүйсенбекұлы туындаған проблемалардың оңтайлы шешу жолдарын қарастырды.
«Аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының екінші кезеңін жыл соңына дейін аяқтау қажет. Оған дейін кәсіпорындардың уақытша электр қуатымен қамтылуын ұйымдастырыңыздар. Инвесторларға берілген жер телімдерінің тиімді пайдаланылуын қадағалауға алыңыздар» - деді қала әкімі.
Жыл соңына дейін мұнда 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жобалар 200 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы.
Қала әкімі жауаптыларға кәсіпорындардың қуаттылығына сай жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасап, абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын бақылауға алуды тапсырды.
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Asia Trafo» зауыты іске қосылған болатын. Сипаттамасы жөнінен бірегей болып танылған трансформатор зауыты Шымкент қаласының «Тассай» өндіріс аумағында 12 гектар жерге орналасқан. Зауыт - кернеуі 110кВ-дан 500кВ-ға дейінгі трансформатор шығаратын Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны.
Биыл Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылғанына 5 жыл толды. Осыдан бес - алты жыл бұрын қала аумағына инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі төмен 40-тан астам шалғай елді мекен қосылған.
Одан бөлек, қаланың қажеттілігіне жетіспейтін инфрақұрылым, қоғамдық көлік мәселелері өзекті болатын, қазір бұл сұрақтар біршама шешімін тапты.
Көрсеткіштерге келетін болсақ, соңғы бес жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге жетті, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті, сонымен қатар қалаға 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылып, бюджет көлемі 146 млрд. теңгеден 613 млрд.теңгеге жетті. Макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім динамикасы бар. Ағымдағы жылдың 5 айында инвестиция көлемі 22 пайызға, құрылыс жұмыстары 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73 пайызға, бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артқан.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ