ТҮРКІСТАНДА КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

ТҮРКІСТАНДА КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

Түркістан қаласын абаттандыру және жасыл қалаға айналдыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып жатыр. Қазіргі таңда «Жасыл Түркістан» КММ-сі тарапынан ақпан және сәуір айлары мен қазан-қараша айларында көшелер, саябақтар мен гүлбақтарда 314 мың дана ағаш көшеттері отырғызылды. Оның ішінде 28 мың дана түрлі көпжылдық және бір жылдық гүл көшеттері егілді. 379 гектар аумақта ағаштарды дәрілеу және тыңайтқыштармен қоректендіру жұмыстары жүргізілді.
Қала күн сайын қоқыстан тазартылып, гүлзарлар, саябақтар жайнай түскен. Шаhар аумағындағы 17925 дана ағашты санитарлық және авариялық кесу жұмыстары атқарылды. Бұдан бөлек 258 нысанда суғару жүйелері мен 82 қала аумағындағы субұрқақтарды қысқы маусымға консервациялау бойынша жұмыс жүргізілді.
Қалада сенбіліктер өткізу, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру бағытындағы іс-шаралар дәстүрге айналған. Бүгінде жұмысты жүйелеу өз жемісін беру үстінде. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын өз бақылауында ұстап отыр.
Шаhaрда саябақ, сквер, аллеяларда кіші сәулеттік мүсіндер мен саябақ құрылыстарында (орындық, жарықшамдар, мүсіндер т.б), аяқжолдар мен балалар ойын алаңдарын жаңартып бояу, жөндеу, сынып бүлінгендерін қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды.
Айта кететін, биыл Түркістанда 4 миллионнан астам көшет отырғызу жұмыстары тиянақты жоспарланған. Бұл жоспар облыс орталығына айналған Түркістан шаһарында 2023 жылы толықтай аяқталуы керек еді. Аумақты жасыл желекке айналдыру арқылы климатты өзгертуге мүмкіндік жоғары. Яғни қаланың экологиялық ахуалын тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен апта сайын сенбілік те өткізіледі. Көгалдандыру жобасына сәйкес, биыл 180 мың түп көшет егу жоспарланып, бүгінгі күнге 130 мың данасы егілді. Облыс орталығын көркейту жұмыстары ары қарай да жалғасын таппақ. Жоспарға сәйкес қала ішіне 250 мың түрлі көшеттер егіледі. Қала сыртынан құрылатын Жасыл белдеуге 7700 га аумаққа 3,5 млн түп, оның ішінде 2300 гектарға 628 мың дана, өткен жылы 2400 гектарға 1 млн дана егілсе, 3000 гектарға 1,9 млн дана түп әртүрлі көшет егу жоспарланып, бұл игі іс облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктелген. Жасыл белдеу құрылатын аумақтың 572 гектарына көктемде 160 мың көшет егілді. Қалған 1428 га аумаққа қазіргі күнде 468 мың түп әртүрлі көшет (қарағай, қарағаш, айлант, калифорния терегі, жиде, өрік, алма, алша, клен, т.б ) егу жұмыстары басталды.
Сонымен қатар туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және құқықбұзушылықтың алдын-алу мақсатын көздеген жыл сайын дәстүрлі түрде «Парктер шеруі» экологиялық акциясы өткізіліп тұрады. Аталған акция барысында Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында су айдындарын тазалау, тораңғы ағашын, қызғалдақ гүлін, жабайы аңдарды қорғау секілді шаралар өткізіледі.
Биыл облыстың орман қоры жерлеріне 16 200 га аумаққа мәдени орман екпелерін егу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 13,0 мың гектары, яғни 80 пайызы егілді. Жоспар жыл соңына дейін толығымен орындалады деп күтілуде. Түркістан қаласы мен облыстың экологиялық жағдайы тұрақталып, жақсару үстінде. Табиғатымызды көркейту, жасыл желектерімізді көбейту бағытында облыс және қала тұрғындарын табиғатқа жанашырлықпен қарауға, әрбір азаматты қалыпты өмір сүруі үшін қоршаған ортамызды аялап, облысымыздың көркеюіне өз үлесін қосуға шақырамыз, – деді Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев. Айта кетейік, Мемлекет басшысының республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд. көшет егу, ал, елді мекендерде 15 млн. түрлі ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау барысында жұмыс жүріп жатыр. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесіп, облыс бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 217,4 миллионнан аса ағаш көшеттерін отырғызуды көздеп отыр. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Осы тұста Түркістанда 170 миллион көшет отырғызу жоспары қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары республиканың орман алқаптарында 2 млрд. және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн. ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған. Осыған байланысты 2025 жылға дейін орман қорына тиесілі 110 210 гектар алқапқа 170 млн. көшет отырғызу жоспарлануда. Ал қала мен елді мекендерде 1149 га аумаққа 1 млн. 81 мың түп көшет отырғызу көзделіп отыр. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Осыған дейін өткен жиындар нәтижесінде жауапты мамандар көгал жұмыстарына белсене кірісті. Түркістан қаласын көгалдандыру, жасыл алқап көлемін ұлғайту, климаттық жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты басшылармен бірге Түркістан қаласындағы «Жасыл аймақ» мекемесінің рекреациялық аймағына, ескі әуежай алқабына, орман тұқымдағына және техникалық базасына арнайы барды. Жұмыстарымен танысты.
Ескі әуежай аумағындағы алқаптың 450 гектарына сексеуіл егілген. Ал орман тұқымбағының көлемі 120 гектар болса, оның 6 гектарына тамшылап суғару жүйесі орнатылған. Қазіргі таңда орман тұқымбағында жалпы 41 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде. Рекреациялық аймақ – 167 гектар, оның 80 гектары тамшылау суғару жүйесі арқылы суғарылады. 208 мың түптен астам әр түрлі ағаш-бұталар өсіріліп жатыр. Техникалық базасында 81 дана арнайы және қосалқы 67 техника бар.
Аталған аумақтарда айлант, үйеңкі, шаған, қарағаш, жыңғыл, терек, туя, арша, сексеуіл, итмұрын, сексеуіл, акация, катальпа, итмұрын және өзге де көшеттер отырғызылған. Мамандар сексеуілдің жерсінуі және өнімділігі жоғары екенін жеткізді.
Дархан Сатыбалды аймақты көгалдандыру, орман алқабын қалыптастыру бағытындағы ізденістер мен жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Қала аумағын көгалдандыру, абаттандыру, инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Кезекті рет тарихи шаһардағы маңызды нысандарды аралаған Дархан Сатыбалды жауаптыларға осындай тапсырма берді. Өңір басшысы алдымен әкімшілік-іскерлік орталығындағы 7 және 30-көше бойындағы саябақтың құрылысын қадағалады. Саябақтың аумағы – 10,5 гектар. Көгалдандыру алаңы 61 мың шаршы метр болса, ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары да салынбақ. Сонымен бірге 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 300-ге жуық жарықшам орнату көзделген. Белсенді өмірге бастайтын саябақта тұрғындар мен қонақтарға тынығуға жағдай жасалады.
– Жұмысты жоспарға сай сапалы атқарыңыздар. Аяқжолдар, абаттандыру жұмыстары талапқа сай болуы тиіс. Ауа райының ерекшелігін білесіздер. Осы аумаққа жерсінетін акация, тұт, қарағаш және өзге де төзімді ағаштарды көптеп егу керек. Егіп қана қоймай, жан-жағын байлап, дауылдан қорғаған жөн. Әсіресе, көлеңке беретін жапырақты ағаштарға басымдық берілгені дұрыс, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігерге нақты тапсырмалар берді.
Мұнда қазіргі таңда ағаш отырғызу, резервуар және скважина жүргізу, аяқжолдар тақтайшаларын орнату, топырақтарды тегістеу, газон егу, суғару жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр.
Одан кейін Түркістан қаласы үшін аса маңызы бар І.Қожабаев көшесіне жол төсеу барысы да сарапталды. Жолдың ұзындығы – 5,6 шақырым, санаты – жалпықалалық 4-6 жолақты магистралды жол. Құрылысы былтыр басталған жол биыл күзге дейін тапсырылады деп жоспарланып отыр.
Түркістан болашағы жарқын шаруашылыққа бейім шаһар. Бес жылда облыс орталығы оңтайлы өзгерістермен толықты.
Еске саларлық, жақында Түркістан қаласында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен, жергілікті атқарушы органның қолдауымен «ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің» саябағы ашылған болатын.
Жаңа саябақты ашудағы басты мақсат -жастар арасындағы экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын-алу, лудоманияға қарсы күрес және қасиетті қаланың көркеюіне үлес қосу.
Жиынды Департамент басшысы Ерболат Темірболатұлы ашып, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Әжінұрұлы ерікті жастарға алғысын білдірді.
Сонымен қатар, департамент басшысы «Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің волонтерлік қозғалысының» жетекшісі
Ескулов Пердебекке салтанатты түрде қозғалыстың туын табыстады.
Саябаққа ҚР Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің және еліміздің 20 өңірінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінен тарту еткен ағаш көшеттері отырғызылды.
Саябақтың бір ерекшелігі - мұнда республика аумағындағы қаржылық пирамидаларының тізімі жазылған QR-тақтайшалары орнатылған.
Шараға Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері, облыс аумағындағы құқық-қорғау органдарының басшылары, Қызылорда облысы және Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің басшылары қонаққа келіп, естелікке ағаш көшеттерін отырғызды.
Шара соңында Түркістан қаласының «Jana Lep» тобы өз өнерлерімен көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу...

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы туралы есеп берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап. «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма...