Шағын және орта бизнесті қолдау үлкен биіктерге бастайды

Шағын және орта бизнесті қолдау үлкен биіктерге бастайды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполистің биылғы 5 айдағы әлеуметтік экономикалық бағыттағы даму барысы, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы пысықтап, мәжіліс өткізген-ді. Мәжілісте сөз болғандай, шаһардағы инвестиция көлемі 17,4 пайызға артып, 203,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік инвестиция көлемі 29,5 млрд. теңге болса, жеке инвестиция көлемі 174,1 млрд. теңгеге жеткен. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 55,7 млрд теңгені құрап, 30,7 пайызға ұлғайғаны байқалады. Қала әкімі сала басшысының баяндамасына қатысты өз пікірін білдірді. «Жалған сандармен емес, шынайы экономикамен өмір сүрейік. Көрсеткіштерді талдап, қай жерде проблема бар, сол жерге күш салып, нақты нәтижеге жұмыс істейік» деген болатын Ғабит Сыздықбеков.
Шаһар экономикасының негізгі драйвері – шағын және орта бизнес екені екі бастан белгілі. Сондай шағын және орта бизнесті әртараптандырып, Шымкент қаласының экономикалық дамуына сеп болып отырған өндіріс орындарының бірі – Bal Tekstil кілем фабрикасы.
Фабрика өнімдерін нарыққа шығара бастағанына 10 жылдан асқан. Экспортта фабрика өнімдері «BAL CARPET» брендімен танымал. Қазіргі таңда компанияда 500-ге жуық адам еібек етеді. Компания жыл сайын өндіріс көлемін арттырып, жаңа бағыттар бойынша жұмыс істеп келеді.
Егер алғаш ашылған жылы фабрикада небәрі 4 станок болса, қазіргі таңда 16 тоқыма станогы жұмыс істеп тұр. Фабрика өнімеріне Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Ресей елдерінен сұраныс түсуде.
Фабрика басшылығы жақында жеңіл өнеркәсіпті қолдау бағытында берілетін 3 пайызбен жеңілдетілген несие алып, 17-ші станокқа тапсырыс берген екен. Кілем тоқу станоктарының барлығын Бельгия елінің әлемге әйгілі компаниясынан алады екен. Компания алғашқыда жұмысты арзан кілемдер тоқитын станокпен бастаған. Одан кейін нарыққа орташа және орташадан жоғары сапада кілем шығарған. Былтырдан бастап Қазақстан нарығындағы ең қымбат, премиум сападағы кілемдер шығаруды қолға алған.
Компанияда орташа жалақы 200 мың теңгеден асады. Жыл сайын жалақыны 10-15 пайызға көтеріп тұрады екен. Жұмысшылар жұмысқа тегін тасымалданады. Сонымен қатар, тамақтану, емдеу клиникасымен қамтамасыз етілген. Қызметкерлерді ынталандырудың өзге де бағдарламалары бар. Өндіріс орны басшыларының айтуынша, компания қызметкерлері жыл сайын шетелге сауықтыру орындарына жіберіледі. Әлеуметтік тұрғыда басқа да жәрдемдер көрсетіледі. Фабрикадағы қызметкерлердің жартысынан көбі жастар. Ешқандай тәжірибесі жоқ жастарды қабілеттеріне қарай жұмысқа қабылдауға мүмкіндік жасалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызы зор екенін жиі айтады. Бизнестің осы өкілдерін қолдау арқылы еліміз экономикада үлкен жетістіктерге жетері даусыз.

NO-COMMENT ақпарат

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ