Абылай ханды тұтқыннан босатқан кім?

Абылай ханды тұтқыннан босатқан кім?
1742 жылы қазақ пен қалмақ арасында болған соғыста Абылай хан Қалдан Сереннің баласы Шарышты өлтіреді. Баласының өліміне жаны күйген Қалдан Серен сол жылы аң аулап жүрген Абылайды қолға түсіріп, бір жыл бойы тұтқын етіп ұстайды Ал Абылайдың тұтқынан қалай босатылғаны жөнінде әр түрлі пікір айтылады?
1743 жылы Қалдан Серенге қазақ елшілігі барады. Барған күні түс ауа Қалдан Серен өзінің атақты бір батырын қара арғымаққа мінгізіп, «осы батырымды жекпе-жекте жеңетін батырларың болса, сонда ғана бітімге келемін» дейді. Қара арғымаққа мінген шомбал қара батырға қазақтан алғашында ешкім шыға қоймайды. Сонда Алтай Нияз батыр өзінің жекпе-жекке шығатынын айтады. Әуелде қарсы келген қалмақ өз кезегінде найза сілтеп, Нияз батырдың денесіне дарыта алмайды. Ал Нияз батыр өз кезегінде ептілікпен, найза ұшымен қалмақ батырын киімінен іліп, аттан түсіріп, жерге жығып тастаған екен.
Сонымен қазақ елшісінің мерейі үстем болып, Қалдан Серен бітімнің келесі күні болатынын айтып, қазақтарды жатын жайға жайғастырады. Келесі күні қалмақ ханы Нияз батырға тағы да мынандай шарт қояды: "Мен бірдей киіндіріп, жүз қара арғымаққа жүз батырды мінгізіп, сапқа қоямын. Соның ішінен кешегі өзің түсірген батырды тапсаң бітімге келеміз" дейді. Сонда Нияз сапта тұрған жүз батырды жағалап шығып, кері жүргенде тап басып өзі түсірген батырды тауып береді. Қайран қалған Қалдан Серен: "Бірі-біріне аумайтын жүз адамның ішінен өзің түсірген батырды қалай таптың" деп сұрайды.
-Мен бір жағалап өткенде, батырларыңның көзіне тесіле тік қарап өттім. Сонда мен түсірген батыр көзіме тік қарай алмай, төменшіктей берді,- деп жауап берген екен Нияз батыр.
 
Т.Оразов  - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кіші ғылыми қызметкері, мәдениет саласының үздігі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ