Олжас Бектенов ірі бизнес өкілдерімен экономиканың нақты секторын дамыту мәселелерін талқылады

Олжас Бектенов ірі бизнес өкілдерімен экономиканың нақты секторын дамыту мәселелерін талқылады

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Басты мақсат – Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндеттерді іске асыру шеңберінде кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылау және одан әрі өзара іс-қимыл шараларын қарастыру.

Олжас Бектенов мемлекет инвестициялық тартымдылықты арттыру, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және экономиканың нақты секторын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті. Өз кезегінде, ірі бизнес еліміздің технологиялық және инновациялық дамуында маңызды рөл атқарады, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.

Талқылау барысында энергетика, өңдеу, өнеркәсібі мұнай-газ секторы, тау-кен металлургия кешені, АӨК, көлік және қаржы саласы, денсаулық сақтау, ІТ, туризм салаларының өкілдері өз ұсыныстарын білдірді. Металдарды терең өңдеу, мұнай-газ химиясы және басқа да басым салалардағы жаңа жобаларға баса назар аудара отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері көтерілді. 

Елішілік құндылықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі қазақстандық қамту үлесін айқындау бойынша жаңа әдіснаманы әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Олжас Бектенов жаңа тетік анағұрлым әділ болатынын және отандық кәсіпорындардың дамуына елеулі серпін беретінін атап өтті. Тиісті құрылымдарға жүргізіліп жатқан жұмысты жеделдету тапсырылды.

Жасанды интеллект жүйелерін қолдануды кеңейту және цифрлық технологияларды дамыту мәселелері қаралды. Экологиялық таза, энергия үнемдейтін және төмен көміртекті жобаларды іске асыруға бағытталған туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, «жасыл» қаржыландыру саласын дамытудың маңызды екені айтылды.

Талқылау барысында елімізді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударылды. Бизнес өкілдері Мемлекет басшысының атом энергетикасын дамыту жөніндегі бастамасын қолдап, энергия тапшылығы жағдайында өнеркәсіпті одан әрі дамыту және жаңа нысандарды іске қосу үшін тұрақты әрі сенімді энергияның жаңа көзі қажет екенін атап көрсетті. Осылайша, биылғы 6 қазандағы атом электр стансасын салу жөніндегі референдумда оң шешім қабылданған жағдайда, елімізде ағымдағы және келешегі бар өндірістердің энергетикаға деген қажеттіліктерін жабуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және т. б. мүмкіндік болады.

Кездесуді қорытындылай келе, Премьер-Министр Президент алға қойған міндеттерге қол жеткізу үшін бизнесті экономиканың нақты секторын дамытуға белсенді тарту қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қазақстанды жан-жақты жаңғыртуды белсенді жүргізуде. Экономикадағы өсім азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етуі маңызды. Сонымен бірге ірі бизнес әлеуметтік жауапкершілікті көрсетуі керек. Президент келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағанын білесіздер. Бізде ірі кәсіпкерлер колледждерге қамқорлық жасап, мамандар даярлауға тиісті база құратын сәтті үлгілер бар. Бұл модель сонымен қатар бизнеске болашақ кадрларды дайындауға мүмкіндік береді. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында мұндай тәжірибені жандандыру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ауылда кәсіпкерлікті дамыту және ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамту қажеттігі атап өтілді.

Үкімет басшысы тиісті министрліктерге бизнес өкілдері тарапынан айтылған, «жасыл жобаларды» несиелеуден түсетін кіріске төмендетілген салық мөлшерлемесін енгізу, отандық тұқым шаруашылығын дамыту бойынша диқандарды ынталандыру шараларын жетілдіру, отандық аналогтар болған жағдайда импорттық тауарлар мен қызметтерді сатып алуды азайту мүмкіндігін қарастыру сынды ұсыныстарды зерделеуді тапсырды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ