12 қыркүйекте Алматы қаласындағы республикалық Достық үйінде Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша ҚХА-ның республикалық жиналысы өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан халқы Ассамблеясына сілтеме жасап.
Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президентінің Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚХА Төрағасының орынбасарлары Юрий Шин және Лугмар Буларов, сондай-ақ Ассамблея мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің, ҚХА қоғамдық құрылымдары мен «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға, саяси және қоғамдық өмірді жаңартуға, жастарды патриотизмге тәрбиелеуге, Қазақстан тарихы мен мәдениетін құрметтеуге бағытталған жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов өз сөзінде ҚХА мүшелеріне ҚХА-ның «Жүректен жүрекке» және «Мектепке жол» ауқымды қайырымдылық іс-шараларына белсене атсалысқандары үшін алғысын білдіріп, Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен рөліне баса назар аударды.
Сонымен қатар, Президент айтқан негізгі міндеттердің бірі – Қазақстанды жайлы және қауіпсіз өмір сүру аймағына айналдыру Ассамблеяның әрбір мүшесінің міндеті ретінде қарастырылуы қажет екендігі атап өтілді. Қоғамда Заң мен Тәртіп қағидатын тереңінен бекітуге ерекше назар аудару маңызды.
ҚХА мүшелері 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау бастамасын қолдайтындарын білдіріп, ҚХА мүшелерінің басым бөлігі жұмысшы мамандықтарының өкілдері екенін және еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлық идеяларын насихаттайтынын жеткізді.