Семейде құны 100,4 млрд теңгені құрайтын 5 жаңа медициналық нысан салынады

Семейде құны 100,4 млрд теңгені құрайтын 5 жаңа медициналық нысан салынады

Абай өңірінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударлып отыр. Мәселен, аспалы көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынан кейін республика бюджетіне тиісті өтінім беріледі. Көлік дәлізін кеңейту үшін 2024-2025 жылдары, ұзындығы 270 шақырым болатын «Бақты-Аягөз» темір жол құрылысы жоспарланған. Техникалық-экономикалық негіздеме сараптамасының оң қорытындысы алынды, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Абай өңірінің басшысы Нұрлан Ұранхаев ОКҚ алаңында әкімдіктің қаулысымен темір жол құрылысына қажетті мемлекеттік жерлер резервке алынып, теміржол желісін салуға қажетті жеке жер учаскелерін сату мен қайта ресімдеуге мораторий қойылғанын хабарлады. Оның айтуынша, жобаны іске асыру Қытаймен екі жақты тасымал көлемін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.  

Облыста тұрғын-үй кезегінде 20 мыңға жуық адам тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 2 784 адам. Жалпы ауданы 246,9 мың шаршы метр болатын 39 көппәтерлі және жеке тұрғын-үйлер құрылысы жүргізіліп, 2 100 отбасын үймен қамту көзделіп отыр. Алдағы үш жылда тағы 148 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл, өз кезегінде 7 мыңдай отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. 

«Оқушы орын тапшылығын азайту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2700 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл, жыл соңына дейін 3 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. 2025 жылы Аягөзде 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Былтыр облыс орталығында «KAZ Minerals» есебінен 1200 орындық мектеп құрылысы туралы айтқан болатынмын. Биыл мектеп пайдалануға берілді. ІТ-бағытында оқушыларға заманауи білім беру көзделіп отыр. Мұнымен қоса, жұмыс істеп тұрған мектептерге 2200 орындық 6 қосымша құрылыс және 510 орындық 6 шағын жинақталған мектеп салуға жобалық-cметалық құжаттама әзірленді» – деді облыс әкімі.  

Өңірде көпфункционалды Оқушылар сарайы салынып жатыр. Жоба келер жылы іске қосылады деп күтілуде. Бұл кешен балаларды қосымша біліммен қамтуды одан әрі арттыруға мол мүмкіндік береді. Облыста ІТ саласы жақсы дамыған. Жергілікті оқушылар жыл сайын республика, халықаралық деңгейде үздіктер қатарынан табылып отырады. Сол себепті биыл өңірде IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі ашылды. Ол заманауи базамен жабдықталған. ІТ бағыттар бойынша құзыреттілік орталығы жұмыс істейді. 

Сол сияқты, Семейде тұңғыш оқу орны - М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж бар. Биыл, білім шаңырағының 120 жылдық мерейтойы құрметіне, «Қаражыра» акционерлік қоғамы есебінен 300 орындық «Ес-Аймақ» рухани-мәдени орталығы ашылды. Жалпы, білім беру саласында материалдық-техникалық базаны нығайтып, нысандарға жөндеу жүргізуге 3,4 млрд теңге бөлінді. 

«3 мектепке күрделі жөндеу, 1 мектепке орташа жөндеу, 166 білім беру мекемесіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. 49 жаңа модификацияланған кабинет пен балалар тасымалына арналған  3 микроавтобус пен 1 автобус алынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен облыс бойынша 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған. Жыл соңына дейін 64 нысанды іске қосу көзделіп отыр. Оның 8-і бүгіннің өзінде пайдалануға берілді», – деді Н.Ұранхаев. 

Кешенді жоспарға сәйкес Семейде 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда инвестор есебінен жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Былтыр Көкпекті ауылында гемодиализ орталығы ашылды. Биыл аталған орталықтар Үржар мен Ақсуатта ашылды. Сол сияқты, биыл Жарма мен Мақаншы аудандарында компьютерлік томографтар қойылады.  

Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасы жасанды қан айналым аппаратымен жабдықталды. Ол жүрек аурулары кезінде қан айналымын толық тоқтатып, жүрекке ашық ота жасауға мүмкіндік береді. Бүгіннің өзінде 78 ота сәтті жасалды. Сондай-ақ, жұмсақ тіндердің ұзақ емделетін ақауларына арналған күрделі реконструкциялық пластикалық оталар жасау тәжірибесі қалыптасты. 

Шала туған және ауыр ақуыз-энергетикалық жеткіліксіздігі бар балалар мамандандырылған емдік тамақтанумен қамтамасыз етілді. Жалпы, ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,8 млрд теңге бағытталды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...