Меморандумның практикалық өзегіне заманауи геоақпараттық жүйені әзірлеу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру кіреді. Бұл цифрлық платформа жинақталған тарихи геологиялық деректерді терең өңдеуге және интерпретациялауға мүмкіндік береді.
Цифрландыру республиканың ресурстық әлеуетін тереңірек түсінуге жол ашып, саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады деп күтілуде.
«Меморандумға қол қою мемлекеттік органдар, ұлттық институттар және халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. Қазақстан үшін геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру, оның ішінде цифрлық технологиялар мен геологиялық деректермен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін белсенді енгізу басымдықтардың бірі болып саналады. Білімді, тәжірибені және технологиялық шешімдерді біріктіру еліміздің ресурстық әлеуетін тиімдірек ашуға және саланың жүйелі дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров.
Өз кезегінде еліміздің геологиялық деректер қорының операторы технологиялық интеграцияның маңыздылығын атап өтті.
«Ұлттық геологиялық қызмет Қазақстанның ашық әрі заманауи геологиялық платформасын дәйекті түрде дамытуда. Shell секілді халықаралық серіктестермен өзара іс-қимыл көмірсутек шикізаты бойынша геологиялық деректердің талдамалық және интерпретациялық базасын күшейтіп, жер қойнауын пайдалану саласында қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев.
Шетелдік концерн өкілдері де қазақстандық өндіруші салаға жаһандық ІТ-құралдарды енгізу бастамасын жоғары бағалады.
«Меморандумға қол қою, оның ішінде тарихи геологиялық деректерді өңдеу мен интерпретациялауға арналған цифрлық платформаны әзірлеу жөніндегі пилоттық жобаны жоспарлау Shell компаниясының Қазақстан Республикасымен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа бейілділігін растайды. Біз Қазақстанның экономиканы цифрландыру жөніндегі стратегиялық басымдығын қолдаймыз және озық технологиялар мен компаниямыздың жаһандық тәжірибесін пайдалану көмірсутек шикізатын геологиялық барлау тиімділігін арттыруға өз үлесін қосады деп есептейміз», – деп пікір білдірді Shell концернінің Қазақстандағы аға вице-президенті және төрағасы Сюзанн Куган.

