М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде кибергигиена және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Жиынға бірінші және екінші курс студенттері, оқытушылар, цифрлық сауаттылық бойынша сарапшылар, полиция қызметкерлері мен заңгерлер қатысты.
Іс-шара Шымкентте өтіп жатқан «Кибермәдениет айы» қалалық айлығы аясында ұйымдастырылды. Мұндай түсіндіру кездесулері Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін орындау мақсатында қолға алынған.
Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаевтың айтуынша, «Кибермәдениет айының» негізгі мақсаты – жастарға интернеттегі киберқылмыскерлердің айла-тәсілдерін танып, жеке деректерін қорғау жолдарын үйрету.
– Бастамамызды Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінен бастадық. Өкінішке қарай, бүгінде жастар арасында интернет-алаяқтық пен дропперлікке кіріп кетк жағдайлары көбейіп, осыған байланысты қылмыстық істердің саны да артып отыр. Басты мақсатымыз – түсіндіру жұмыстарын жүргізу, заңсыз әрекеттердің алдын алу және қала тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру. Бұл жұмыстар тек жоғары оқу орындарымен шектелмейді. Осындай кездесулер колледждер мен мектептерде де өтеді, – деді Ернұр Қырғызбаев.
Кездесу барысында мамандар студенттерге интернеттегі қауіпсіздіктің негізгі ережелерін түсіндірді. Атап айтқанда, күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу және күрделі әрі сенімді құпиясөздерді пайдалану қажеттігі айтылды.
Сарапшылар киберқауіпсіздік талаптарын сақтамау мен цифрлық сауаттылықтың төмендігі интернеттегі қылмыс тәуекелін арттыратынын атап өтті.
Түсіндіру кездесулері студенттермен ғана емес, білім беру ұйымдарының оқытушылары арасында да ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстардың мақсаты – жастар мен педагогтер арасында цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, интернеттегі алаяқтықтың алдын алу.

