Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек қаланың қоғамдық көлік жүйесін дамыту, тұрғын үймен қамту және алдағы жоспарлар туралы мәлімет берді.
Қалада бүгінде 83 әлеуметтік маңызы бар автобус маршруты жұмыс істейді. Күн сайын 14 тасымалдаушы компанияның 988 автобусы жолаушыларға қызмет көрсетеді. 2026 жылдың сегіз айында қоғамдық көлікпен 75,2 млн жолаушы тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,5 пайызға жоғары. Тұрғындардың өтініштері негізінде бірқатар маршруттардың қозғалыс бағыттары ұзартылып, кей бағыттарға қосымша автобустар шығарылды.
Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында бақылау жұмыстары да күшейтілген. Жыл басынан бері жолақысын төлемеген немесе көлік картасын валидаторға тіркемеген 9 416 жолаушы анықталып, салынған айыппұл көлемі 81,4 млн теңгені құрады. Қоғамдық көліктің басым бөлігі жолаушыларға сағат 21:00-ге дейін қызмет көрсетсе, 9 маршруттың қозғалысы 23:00-ге дейін жалғасады.
Автобус паркін жаңарту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2026 жылы 63 автобус жаңартылып, жыл соңына дейін тағы 200-ге жуық автобусты жаңарту жоспарланған. Бұл шаралар жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен қоғамдық көліктің жайлылығын арттыруға бағытталған.
Тұрғын үй саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2026 жылдың соңына дейін тұрғын үй алу тізімінде тұрған азаматтарды 7 386 пәтермен қамту жоспарланған. Оның ішінде 2 818 пәтер жалдамалы, 4 568 пәтер несиелік бағытта беріледі. Бүгінде жоспарланған тұрғын үйдің 3 699 пәтері азаматтарға табысталған. Жыл соңына дейін тағы 3 687 пәтер беру көзделген.
Бұдан бөлек, реновация бағдарламасы аясында 2030 жылға дейін 66 үйдегі 604 пәтерді жаңарту жоспарланған. 2024–2026 жылдар аралығында бағдарлама шеңберінде 17 үйдегі 172 пәтер тұрғындарға берілді. 2026 жылдың соңына дейін тағы 8 үйді жаңа пәтерлерге көшіру жоспарланып отыр.
Ал қала тұрғындары мен қонақтарына маңызды ақпараттың бірі 13 қыркүйекте «Shymkent Marathon – 2026» өтеді.
Жарысқа Қазақстаннан және шетелден 7 500-ден астам спорт әуесқойының қатысуы жоспарланған. Осыған байланысты 12–13 қыркүйек күндері марафон өтетін бірқатар көшелерде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Тұрғындардан сапар бағытын алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше балама жолдарды пайдалануы сұралады.

