Келтемашат ауылдық округі, Кершетас ауылында орналасқан білім ордасы ішкі жөндеуді қажет ететін мектептердің бірі болатын. Ауыл тұрғындары тарапынан бұл мәселе аудан әкімі Н.Байғұттың былтырғы халық алдындағы есептік кездесуінде көтерілген-ді.
Аталған мәселе жұмыс жоспарына алынып, биыл міне күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылға өтпелі болып бастау алды.
Білім ордасына аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Е.Орманов және аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е.Қадірбек жауапты мамандармен бірге арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Бұл жерде ғимараттың іші толығымен әрленіп, жылу, электр, су жүйесі жаңартылып, желдету(вентиляция) жүйесі орнатылады. Едені(пол) ауысып, ағаш есіктері жаңартылмақ. Сонымен қатар, мектеп алды абаттандырылып, шеберханасының тозығы жеткен терезелері толығымен ауыстырылады.
Аудан әкімінің орынбасары жауапты мердігер мекеменің өкіліне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі бекітілген кестеге сай уақытылы жүруін тапсырып, тиісті бөлім басшысына бақылауда ұстауды ескертті.